Назарбаев: Egemen Qazaqstan кешегі мен бүгіннің арасын жалғап келеді

21 Қараша 2019, 12:45
2497
Бөлісу:
Назарбаев: Egemen Qazaqstan кешегі мен бүгіннің арасын жалғап келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан "Egemen Qazaqstan" газетінің 100 жылдық мерейтойына орай ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтау жолдады.

100 жылдық мерейтойға жиналған қауымға Тұңғыш Президенттің құттықтауын ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев оқып берді. 

Еліміздің жетекші басылымы, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы - "Egemen Qazaqstan" газетінің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бір ғасыр бұрын "Ұшқын" деген атпен шыға бастап, уақыт өте ұлттық басылымға айналған Тәуелсіз Қазақстанның аға газеті өз парақтарында тарих тағылымын дәуір үнімен, уақыт сынымен бейнелеп, кешегі мен бүгіннің арасын жалғап келеді. Жаңалықты жұртшылыққа жедел әрі шынайы түрде жеткізіп, егемен еліміздің мемлекеттік саясатын қалың оқырман арасында байыпты насихаттап, ел шежіресін қағазға хаттаған байырғы басылымның беделі әрдайым биік, - делінген Елбасының құттықтау хатында.

Елбасы құттықтау хатында ұлт мүддесі жолында еңбек еткен талай тұғырлы тұлғалар басшылық жасап, алыптар негізін салған дәстүрді абыроймен жалғастырған "Egemen Qazaqstan" қазіргі заман талабына сай жаңғырып, ғасырлық туын жаңа жетістіктермен, толайым табыстармен қарсы алып отырғандығына баса назар аударған. 

Жетекші баспасөз құралында еңбек етіп жүрген қалам иелері жоғары кәсіби деңгейімен табылып, басылым алдағы уақытта да халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлесін қоса береді деп сенемін,- деген Нұрсұлтан Назарбаев өз құттықтауында.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бас басылымның ғасыр тойын Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы