Бас жаңалықтар
Назарбаев Үкімет мүшелерінің орнын ауыстырды
30 Қаңтар 2019, 14:32 2805

Назарбаев Үкімет мүшелерінің орнын ауыстырды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Бүгінгі жиында өткен жылғы жұмыс қорытындыланып, алдағы жылға жоспарлар бекітілді. Бұған қоса, Елбасы Үкімет мүшелерінің орнын ауыстырды.

«Елімізде көлеңкелі айналыммен күрес нашар жүріп жатыр. Мысалы, біздің кеден қызметіміздің импорт бойынша көрсеткіштері Қытай тарапының мәліметтерімен сәйкес келмейді. Міндетіміз – үш жылда көлеңкелі экономика үлесін 40%-ға қысқарту», - деді Назарбаев. 

Отырыс барысында Мемлекет басшысы премьер-министр Сағынтаевқа «Қаржы министрі (Әлихан Смайылов-автор ескертпесі) үстелдің шетінде отырмауы керек, оның орны вице-премьерлердің қасында» деді. 

«Қаржы министрлері - әдетте премьер-министрдің орынбасары. Қарашы, (премьер Сағынтаевқа-автор ескертпесі) сен оны қайда отырғызып қойғансың. Бұл қарым-қатынасыңды көрсетеді. Орныңнан тұрып, (Қаржы министріне – автор ескертпесі) осында кел. Қожамжаровтан бастап, барлығың бір орынға жылжыңдар. Оның орны - осында. Ол – Қаржы министрі. Осындай қатынасымыздан кейін бізде қаржы жағы ақсап тұр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент сөзінен кейін Қаржы министрі Әлихан Смайылов орындығын көтеріп, үстелдің бас жағына қарай отырды.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Сізден жаңалық