Наурыздың соңғы күндері шекарадан заңсыз тауар асырушылар көп болды

1 Сәуір 2019, 12:22
2260
Бөлісу:
Наурыздың соңғы күндері шекарадан заңсыз тауар асырушылар көп болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылғы наурыздың соңғы күндері шекарашылар бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

"Оңтүстік шекарада, «Тараз» шекара отрядының «Гродеково» шекара заставасының аумағында түнде көретін дүрбінің көмегімен, қараңғылықты жамылып Мемлекеттік шекараны бұзып өтпек болған 25 жас шамасындағы қырғыз азаматы ұсталды" - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, «Қордай» шекара отрядының «Қарасу-авто» бөлімшесінде көрші елге өтпекші болған 1960 жылғы қазақстандықтың «ДАФ» автокөлігінен ешқандай рұқсат құжаттарынсыз 16 800 кг тауық жұмыртқасы тәркіленді. Ол Жамбыл облысы бойынша ветеринарлық-санитарлық қызмет өкілдеріне тапсырды.

Солтүстік шекарада, Семей тексеріп-өткізу бекетінің «Үбе-авто» бөлімшесінде Ресейге кетіп бара жатқан бір ресейлік пен бір қазақстандықтың жеке автокөліктерінен аңшы мылтығының оқ-дәрілері табылды. Тәркіленіп алынған заттар Шемонайха аудандық полиция бөліміне (қару-жарақ пен оқ-дәріге Мемлекеттік бақылау жасау бөлімшесіне) тапсырылды.

«Қостанай» шекара отрядының «Қайрақ-авто» бөлімшесінде шекара наряды Қазақстаннан Ресейге қарай кетіп бара жатқан жүк автокөлігін кері қайтарды. Салмағы 19200 кг тартатын жүк жөнелтпе қағаздарында «шыны сынықтары» деп көрсетілгенімен, шын мәнінде пайдаланылған алюминий банкалары болып шықты" - дейді шекарашылар.

Бұдан бөлек, «Петропавл» шекара отрядының «Жаңажол-авто» бөлімшесінде шекарашылар рұқсат құжаттары жоқ 1500 кг жүкті (пайдаланылған сутартқыштар (насос)) анықтады.

"Батыстағы шекараның «Ақтөбе» отрядына қарасты «Жайсаң-авто» бөлімшесінде Ресейге қарай рұқсат құжаттарынсыз 900 000 теңгенің (диаметрі 32 миллиметрлік, салмағы 18 тонна) бұрын пайдаланылған бұрғылау құбырларын алып өтпек болған 1986 жылғы қазақстандық және 2,2 млн теңгенің орамжапырақтарын (14 300 кг капуста) алып өтпек болған 1990 жылғы қырғыз азаматы ұсталды" - делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, Қорғастық шекарашылар Халықаралық шекара бойы ынтымақтастығы орталығында 38 блок «Милана» маркалы, 189 блок «ГОЛДЕН БИР» маркалы темекі өнімдерін «Алтынкөл» кеден бекетіне тапсырды. Алғашқы, автокөліктер тұрағының маңынан табылған 38 блок темекінің иесі анықталмады. 189 блок темекінің иесі 1964 жылғы Қазақстан азаматшасы.

"Аталған отрядтың шекарашылары қызметтік иттің көмегімен «Үрумжі - Алматы» бағытындағы № 103 пойыздың вагондарының бірінен рұқсат құжаттары жоқ қытай дәрі-дәрмегін әкеле жатқан 31 жастағы қытай азаматын ұстады" - делінген хабарламада.

Алматы шекаралық бақылау отрядының шекара наряды халықаралық әуежайда «Алматы-Сеул» бағытындағы OZ-578 әуе рейсін ресімдеу барысында 30 жастағы қазақстандықтан рәсімделмеген 42 700 АҚШ долларын тауып, актімен кеденшілерге тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы