Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Пневмонияның алдын алу және емдеу бойынша пульмонологтардың ұсыныстары" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында жоғары санатты пульмонолог, "Астана медицина университеті" ҰАК Жанұялық медицина кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Наталья Латыпова айтты.
Осымен үш айдан аса уақыттан бері коронавирус инфекциясымен күресіп келеміз. Алғашқы айларда шетелдік мамандардың нұсқаулықтарына иек артсақ, қазіргі таңда науқастарды емдеу және бақылау бағытында өз тәжірибеміз қалыптасты. Қазір қандай да бір емдеу әдісінің тиімділігін немесе тиімсіздігін бағамдап, өз стратегиямызды жасай аламыз. Айта кету керек, осы айлар барысында науқастар контингенті жағдайы аса өзгере қойған жоқ. Біздің басты назарымыз - жағдайы ауыр науқастарда. Вирустың симптомсыз түрін жұқтырғандар көлемі 50%, дені - жастар мен балалар. Вирустың симптомды түрін жұқтырғандардың 80%-ға жуығында аурудың жеңіл түрі байқалған. Ауру жұқтыру қаупі аса жоғары топ – жүректің ишемиялық дерті, қант диабеті, артериалдық гипертензия сияқты аурулары бар егде жастағы (65 жастан асқан) адамдар екені бұған дейін де айтылып келді. Сондай-ақ, бұл топта бүйрегі ауыратындар мен артық салмағы бар адамдар да жатады. Дәл осы контингенттегі науқастарды бақылау, емдеу барысында қиындық туындап жатады, - деді дәрігер.
Наталья Латыпова өкпенің вирусты қабынуындағы негізгі үш мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, бұл - өкпенің қабынуындағы коронавирустың ерекшелігі, клиникалық бағыттың артықшылығы, клиникалық нұсқаларға байланысты емдеу ерекшеліктері.
Төменгі тыныс алу жолдарының коронавируспен қабынуы, бізге жиі кездесетін бактериалдық пневмониядан өзгеше. Бактериялар пневмонияның негізгі инфекциялық агенті екені белгілі. Коронавирустың ағзаға түсер бірден бір жолы – жоғары тыныс алу жолдарының эпителиялары бола тұра, оның ағзаға түсудегі түпкі мақсаты – төменгі тыныс алу жолдары. Бізге белгісі бірде бір инфекцияда төменгі тыныс алу жолдарына деген мұндай талпыныс жоқ. Мұндағы өкпенің қабыну жиілігін тұмау, қызылша сияқты өзге аурулардағы жиілікпен салыстыруға келмейді, - деді ол.