Нағыз қилы заман орнады – Ғарифолла Есім

4 Сәуір 2020, 20:00
2347
Бөлісу:
Нағыз қилы заман орнады – Ғарифолла Есім

Алматы, BAQ.KZ. Қазақ елі дұрыс шешімге келді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын карантинге жапты. Бүгінде осыған ұқсас шаралар өзге өңірлер, қалаларда жүруде.

Бұл туралы академик Ғарифолла Есім facebook-гі парақшасында жазды.

Философия ғылымдарының докторы күтпеген жерден әлем елдеріне індет енгенін айта келе, коронавирустың әлі күнге дейін емі табылмай жатқанын жазды. 
Әлі рак дертінің емін таппай отырған жайымыз бар. Бұл мағынада коронавирус емі жоқ екінші індет. Бірақ, аса қауіпті рак дерті жұқпалы емес, ал мына пәле болса майша жұғады. Бір ауырған жан қатарынан он адамға дертті жұқтыру мүмкіндігі бар. Ал, он адам қанша адамға жұқтырмақ, құдай бетін аулақ қылсын, бұл кәдімгі геометриялық тәсілмен өсу. Бұған қалай тоқтау салуға болмақ, - деп жазды ол.

Сонымен қатар, ол қазақ елі дұрыс шешімге келіп, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын карантинге жапқанын сөз етеді. Сондай-ақ әр азаматтың індет жағдайындағы міндеті туралы жазды.
Биліктің айтқандарын ешбір талқыға салмай орындау. Мәселе, күллі жұрттың тағдыры болғанда тек солай болуы азаматтық іс. Тәртіпке бағыну, айтқанды орындау, үйден мүмкіндігінше шықпау – бұлар әншейін нәрселер емес, ол індетті жеңудің амалдары, - деп жазды ол.

Сонымен бірге, ол бүгінде індетпен алысып жүрген жаужүрек азаматтардың еңбегіне тоқталып өтті. 
Олар болмағанда не істер едік. Нағыз қилы заман орнады. Ол тек қазақ елінің ғана емес, күллі адамзатқа ауыр заман. Бұрын көріп, білмеген індетпен біздің дәрігерлер қоян-қолтық араласып кетті. Нағыз ерлік! Байқаймын, біздің дәрігерлерде терең білім, тамаша тәжірибе бар екен. Мұндайда іске араласып кету үшін, әрине білім, тәжірибе, жүрек қажет. Хакім Абайдың айтатын жылы жүрек дегенін дәрігерлер іспен дәлелдеуде. Індетті жеңу, сірә оңай болмас, ол әлі мың басты албастыдай аннан-мыннан бас көтеріп шыға беруде, ойлаймын, біздің дәрігерлер оның мың басы болса да жеңеді. Індеттің беті қайтып, бұл істен босатуды сұрағандарды мен естіген жоқпын, сірә да, ондайлар болмас. Дәрігер бауырларым, сіздерге халықтың мың алғысы, бар үміт сіздерде. Індетті ініне тығып, бас көтертпейтін етіңіздер, Алла разы болсын, - деп жазды академик.
Өзгелердің жаңалығы