Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация 21-27 қыркүйек аралығында Нью-Йоркте (АҚШ) өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 76-сессиясының жоғары деңгейдегі апталығының жұмысына қатысуда.
БҰҰ БА ағымдағы сессиясының тақырыбы «Жақсылыққа сеніммен өмірге төзімділікті нығайту». Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер COVID-19 пандемиясымен күрес, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылық, орнықты даму, сондай-ақ климаттың өзгеруі мәселелері болды. Ауғанстандағы жағдайға ерекше назар аударылатын болады.Сессия шеңберінде жоғары деңгейдегі бірқатар іс-шара, оның ішінде Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммит, Энергетика жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог, COVID-19 жөніндегі Жаһандық саммит, Теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобына мүше мемлекеттердің министрлік кездесуі, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне жәрдемдесу жөніндегі министрлік конференция өтеді.
СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі сессия гибридті режимде өтуде. Нью-Йоркке 120-ға жуық шет мемлекеттердің өкілдері келіп, пікірталастарға қатысады. Бас халықаралық мінберден әлемге 196 БҰҰ-ға мүше елдер және байқаушылардың мемлекет, үкімет, сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мен жоғары өкілдері сөз сөйлейді. Қазақстан Республикасының атынан бейне үндеу форматында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейді.
Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының бағдарламасында бірқатар екіжақты кездесулер мен көпжақты іс-шараларға қатысу жоспарланған. Бірінші күні Министр М.Тілеуберді Литва сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис, Сингапур Сыртқы істер министрі Вивиан Балакришнан, Аустрия Сыртқы істер министрі Александр Шалленберг, Сирия Сыртқы істер министрі Фейсал Микдад және Черногория Сыртқы істер министрі Джордже Радуловичпен екіжақты бөлек келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, Министр Аустрия Канцлері Себастьян Курц ұйымдастырған «Ауғанстан халқын, әсіресе Ауғанстан мен өңірдегі әйелдер мен балаларды қорғау» Ауғанстан бойынша жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты.