Бас жаңалықтар
Бүгін
Назарбаев «Лукойл» президентін қабылдады
19 Ақпан 2019, 16:02 506

Назарбаев «Лукойл» президентін қабылдады

Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті «Лукойл» мұнай компаниясының президенті Вагит Алекперовпен кездесті.

Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы «Қазмұнайгаз» және «Лукойл» компаниялары арасындағы серіктестік қарым-қатынастардың тиімділігін және оның жақсы дамып келе жатқанын атап өтті.

«Біз «Лукойл» компаниясымен бұрыннан бірге жұмыс істеп келеміз. Компанияларыңыз – Ресейдегі ірі кәсіпорындардың бірі. Сондай-ақ, сіздер Ресейдің Қазақстандағы маңызды инвесторларының бірі саналасыздар. «Лукойл» біздің экономикамызға 9 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция бөлді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Ресей компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттестік білдірді.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысына Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі көмірсутегі шикізатын барлау және өндіру жөніндегі «Жеңіс» жобасын бірлесе іске асыруға қатысты жоспар туралы егжей-тегжейлі баяндалды.

«Лукойл» мұнай компаниясының президенті Қазақстан аумағындағы жағармай материалдарын шығаратын зауыттың құрылыс жұмыстарының нәтижелері жөнінде Нұрсұлтан Назарбаевқа мәлімет берді.

«Кәсіпорынның жоспарланған қуаты жылына 100 мың тонна болады. Заманауи зауыт жағармай материалдарының барлық түрін, атап айтқанда, 700 өнімді түрлі атаулармен шығаратын болады», – деді Вагит Алекперов.

Кездесу барысында озық технологияларды қолдана отырып, жаңа көмірсутегілердің кен орындарын іздеу үшін бірлескен жұмыстар жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі әзірлеп жатқан 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасын жүзеге асыру ісіне Ресей компанияларының атсалысу мәселесі талқыланды.


Сізден жаңалық