«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында барлық ауыл қоғамдық көлікпен қамтылады

24 Мамыр 2019, 14:03
2090
Бөлісу:
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында барлық ауыл қоғамдық көлікпен қамтылады

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Жамбыл облысында жолаушы тасымалымен 29 жеке кәсіпкер ұзақ жылдардан бері айналысып келеді. Олардың еншісіндегі 1 324 автобус 202 бағытта халыққа қызмет көрсетуде. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тасымалдаушылар соңғы жылдары автобус парктерін жаңартуға айрықша көңіл бөліп отыр.

«Облыстық деңгейде жолаушы тасымалдаушылар соңғы 5-6 жылдың көлемінде автобус парктерін 619 дана автобусқа жаңартқан. Оның 572-і қалалық бағыттардағы тасымалдаушыларға тиесілі. Ал өткен бір жылдың ішінде қалалық техникалық парк 71 жаңа автобуспен толықты», - дейді Жамбыл облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Жауапты маманның сөзіне қарағанда, барлық бағыттардағы жолаушы тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көліктердің жүру кестесін, қалыпты жылдамдықтың сақталуын бақылау үшін автобустардың барлығына навигациялық жүйе (GPS) енгізілген. Сондай-ақ тұрғындар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық көліктердің бағыттарын көріп отыруға арналған «Taraz-bus» мобильдік қосымшасы іске қосылды.

«Келесі жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қалаішілік қатынастағы автобустарға электронды билеттендіру жүйесін енгізу жоспарлануда. Бұл жұмысты іске асыратын жауапты мекеме анықталып, оның тасымалдаушылармен арадағы өзара ынтымақтастық әріптестік жөніндегі келісімі бекітілді», - деді басқарма басшысы.

Б.Жәнібеков «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғындардың саны 100 адамнан асатын елді мекендерді қоғамдық көлік қатынасымен қамту көзделгенін де айтты. Сөйтіп, өңіріміздегі 376 ауылдың 355-і осы топқа енгізілген. Соның ішінде 331 елді мекенде көлік қатынасы қалпына келтіріліпті. Биыл 10 ауылдың тұрғындары қоғамдық көлік тасымалына қол жеткізеді.

«Осы бағдарлама аясында өңірде 1 автовокзал, 10 автостанса және 3 жолаушыларға қызмет көрсету пункті ашылады. Оның ішінде 1 автовокзал, 3 автостанса және 1 пункт Тараз қаласында салынады. Ал 6 автостанса Мойынқұм, Байзақ, Сарысу, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, 2 жолаушыларға қызмет көрсету пункті Жуалы және Қордай аудандарында орналастырылмақ. Жеке инвестициялар тарту арқылы Таразда – 2, Жамбыл мен Талас аудандарында бір-бірден осындай пункт салу да ойымызда бар», - деді жергілікті әкімдіктің өкілі.

Айта кетейік, биыл өңірімізде әлеуметтік маңызы бар 10 облысішілік автобус бағыттарын субсидиялауға қаражат қарастырылуда. Жалпы субсидия сомасы 160,1 миллион теңгені құрайды.

Өзгелердің жаңалығы