Нұрлан Ноғаев: Ауыл жастарын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту керек

24 Қаңтар 2019, 22:14
2286
Бөлісу:
Нұрлан Ноғаев: Ауыл жастарын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту керек

Астана, BAQ.KZ. Атырау облысының әкімі Қызылқоға ауданына жұмыс сапары барысында жастармен кездесті. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Алдымен Атырау облысының әкімі Миялы ауылындағы «Жастар ресурстық орталығының» ғимаратына барды. Айта кету керек, бұл аудандық жастар орталықтарының арасында балансына жеке ғимарат алған алғашқы орталық. Мұнда 14-29 жас аралығындағы жастар бос уақыттарын тиімді пайдаланып, жаңа жобаларды жоспарлай алады, әр түрлі мәселелер бойынша кеңес алуға да мүмкіндік қарастырылған.

Облыс әкімі жастармен кездесіп, идеяларын тыңдады, оларды қызықтыратын тақырыптар мен жобалар туралы білді. Аудан әкіміне жастарға кәсіпкерлік негіздерін белсенді түрде түсіндіру керектігін айтып, тапсырма берді.

«Мемлекет басшысы айтқандай, шағын және орта бизнес - біздің экономикамыздың драйвері. Студенттерді бизнес субъектілерінде тәжірибеден өткізу жайын ойластыру керек. Ауданда 1 465 кәсіпкер бар, олар студенттерге бизнес негіздерін оқыта алады. Мемлекет өз кезегінде бұл тәжірибенің ақысын төлей алады», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар аймақ басшысы Миялы ауылындағы қызметтік үйлерге де барды. 2018 жылы салынған бұл үйлерде мұғалімдер, дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер тұрады. Құрылыстың жалпы ауданы 1155 км.

 

Аймақ басшысы Қызылқоға ауданындағы тарихи-өлкетану музейіне барды. Музейде аудан тарихына қатысты тоғыз мыңнан астам жәдігер бар. 2018 жылы музейде 3700 адам болған.

 

Жұмыс сапары барысында Нұрлан Ноғаев «Нұр Отан» партиясының Қызылқоға аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы