Армения президенті Нұр-Сұлтанды Еуразия астанасы деп атады

16 Мамыр 2019, 14:02
1629
Бөлісу:
Армения президенті Нұр-Сұлтанды Еуразия астанасы деп атады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Армения президенті Армен Саркисян елорданы Еуразия астанасы деп атады.


«Мен алғаш рет осында келгенде бұл өте кішкентай қала болатын. Өте кең жер еді, бірақ қала емес еді. Одан кейін үлкен арман пайда болып, оны Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өмірге әкелді. Бұл ел астанасы осында болсын деген арман еді. Енді Қазақстан елордасының қалай өзгергенін қараңыздар. Біз бүгін тамаша Нұр-Сұлтан қаласында жүрміз. Оны Еуразия астанасы деп атауға болады», - деді Армен Саркисян ХІІ Астана экономикалық форумында.

Астана экономикалық форумы (АЭФ) - Еуразиядағы жыл сайынғы іскерлік шара. АЭФ алғаш рет 2008 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтті. 11 жыл ішінде форум әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың біріне айналды. Жалпы, Астана экономикалық форумына әлемнің 150 елінен 50 мыңға жуық делегат, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаты мен 30-дан астам жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткер қатысты. 

Ал биылғы форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысуда. Тіркелген делегаттардың жалпы саны 5 492. Шетелдік және қазақстандық БАҚ тарапынан аккредиттелгендер саны әлемнің 30 елінен 710-нан астам адамды құрайды. 2019 жылғы форум тақырыбы: «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар». АЭФ аясында екі күн ішінде 50-ден астам сессия мен іс-шара өтеді.

Өзгелердің жаңалығы