Нұр-Сұлтандағы жол апаты: 7 адам ауыр халде жатыр

26 Наурыз 2019, 17:26
1761
Бөлісу:
Нұр-Сұлтандағы жол апаты: 7 адам ауыр халде жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Қабанбай батыр даңғылында қоғамдық көліктер соғысып, екі адам қаза тапты.

«34 адам жедел жәрдем қызметіне жүгінген. Жедел жәрдем бригадасымен 26 адам қалалық станционарға жеткізілді. Олардың 23-і көпбейінді ауруханаға, 2-еуі №1 қалалық ауруханаға, біреуі орталық жол ауруханасына жеткізілді. Бір емделушінің жағдайы – аса ауыр, 6 емделушінікі – ауыр, 8-інікі – орташа. Жол көлік апатына жедел жәрдем көлігі де ұшырады. Сол сәтте машинада 2 фельдшер мен көлік жүргізушісі болған. Жүргізуші зардап шекпеді. Фельдшердің бірінің басына зақым келді, екінші тізесінен жарақат алды», - деді Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров.

Жол-көлік апатынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге 15 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Ең бірінші бригада 4 минут ішінде келген. 

«Қазіргі таңда әлеуметттік желіде емделушілерге қан жетпей жатыр деген ақпарат тарауда. Бұл – жалған. Барлық қажетті зат, дәрі-дәрмек, қан жеткілікті. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деді Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін таңертең Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылында үш автобус пен жеңіл автокөліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.  

Зардап шеккендердің арасында 1983 жылы туған Филиппин азаматшасы бар. Оның жағдайы орташа ауыр.

                                                                                                                                                                          Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы