Нұр-Сұлтанда түрік фильмдерінің апталығы басталды

18 Қараша 2019, 21:16
3093
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда түрік фильмдерінің апталығы басталды
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Түрік фильмдерінің апталығы басталды. Шымылдығын "Ұзын хикая" фильмі ашты. Басты рөлін қазақстандықтарға жақыннан таныс, көрерменнің көңілінен шыққан Кенан Имирзалыоглу сомдайды.

Екі бауырлас елді бір-біріне жалғап отырған көпір іспеттес түрік кино өнімдері қазіргі күні әлемде өте танымал. Қазақ көрермендері түрік сериалдары мен кинофильмдеріне үлкен ықылас танытуда. Шара аясында көрермен тарихи, романтикалық және шытырман драмаға толы картиналарды тамашалай алады.

Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркия Республикасы мәдениет және туризм министрлігі кинематография басқармасының қолдауымен 18-25 қараша аралығында елордада түрік фильмдері аптасын өткізіп отыр.

Осы орайда Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Исинамен сұхбаттасқан едік. 
Өзіңіз білесіз, бүгінде Түркияның кино индустриясы Голливудтан кейін екінші орында. Прокатқа өте сапалы өнімдер шығарады. Қазақстандық көрермендер түрік фильмдерін аса ықыласпен қарайды. Телесериалдардың да рейтингісі жоғары, яғни сұранысқа ие. Осыны ескере отырып, түрік фильмдерінің апталығын өткіземіз деп шешім қабылдадық. Бұл фестивальге әртүрлі киностудиялардан әртүрлі уақытта түсірілген ең үздік деген 8 фильмді алып келдік. Бұл фильмдердің ішінде тарихи фильм де, лирикалық драма мен комедиялық кинолар да бар. Мәселен, Түркия мен Жапонияның бірлесіп түсірген туындысы - "Ертұғырыл 1890" фильмі. 1890 жылы Османлы мемлекетінің кемесі "Ертұғырыл" Жапон теңізінде апатқа ұшырайды. Жапондықтар көмекке келіп, экипаж бен кемені құтқаруға тырысады. Ал 100 жылдан кейін 1985 жылы түріктер Тегераннан шұғыл түрде эвакуациялануы қажет Жапонияның 215 азаматын құтқарады, - дейді Алмагүл Исина. 
тур1.jpg

Түрік фильмдері аптасы аясында елордалықтардың назарына сегіз түрік кинотуындысы ұсынылады. Олардың арасында "Ұзын хикая", "Көбелектің түсі", "Ұмытсам сыбырла", "Ертұғырыл 1890", "Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды", "Сиқыршы","Қышқыл алмалар", "Қызыл орамалды шынарым" сияқты фильмдер бар.
Біз алып келген бұл фильмдер - өз жанрының ең үздігі. Айтулы шараның басты мақсаты - түрік елінің үздік кино туындыларын бауырлас елдің көрерменіне ұсына отырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың дамуына үлес қосу. Біз Қазақстанның қоғамдық өмірінде болып тұратын маңызды оқиғаларға қолдау көрсетіп отырамыз. 2017 жылы өткен EXPO халықаралық көрмесінде "Айлық түрік фильмдері" шарасын өткіздік. Фильмдер түрік тілінде, бірақ орыс тіліндегі субтитрмен қоса көрсетіледі. Фильмдердің режиссерлары мен сценаристері де өте танымал тұлғалар. Мәселен, Чаган Ырмак, Атыф Йылмаз, Йылмаз Ердоган, Митсутоши Танака және Жем Йылмаз сынды белгілі адамдардың еңбегі, - деп атап өтті Алмагүл ханым.
Фильмдер апталығының шымылдығын "Ұзын хикая" фильмі ашты. Басты рөлді қазақстандықтарға жақыннан таныс, көрерменнің көңілінен шыққан Кенан Имирзалыоглу сомдайды. Бала кезінде жетім қалған болгарлық Әлиді атасы Сүлеймен Болгариядан Түркияға алып келген. Әли сүйіктісі Мунирамен, қыздың ата-анасының қарсылығына қарамастан үйленеді. Әли қызды алып қашады және олардың өмірі теміржол вокзалдарының станцияларының арасында үнемі көшумен өтеді. 
 
тур2.jpg

Сценаристі Чаган Ырмак болып табылатын "Ұмытсам сыбырла" фильмі көрерменнің көзайымына айналған туынды. Медколледжді бітіріп, аудан орталығындағы дәрігерлік пунктте медбике болып жұмысқа жаңа кірген Ханифе мен сіңлісі Хатиже шағын ғана аудан орталығында тұрады. Ханифе – өте ұялшақ, тұйық қыз, ал Хатиже болса ерке, өз еркімен өскен. Ханифе әдебиетке әуес, ал Хатидже болса, ән салуға құштар. Бір күні жаңа тағайындалған әкімнің ұлы Тарык  аудан орталығына келеді. Сол күннен бастап апалы-сіңлілердің өмірі түбегейлі өзгереді...
 
Аты аңызға айналған Атыф Йылмаздың туындысы болып саналатын "Қызыл орамалды шынарым" фильмінің басты рөлін қазақстандық көрерменнің сүйікті актрисасы Түркан Шорай сомдаған. Кинотуынды Шыңғыс Айтматовтың "Қызыл орамалды шынарым" шығармасының желісі бойынша түсірілген.

"Сиқыршы" фильмін танымал түрік режиссер және актер Жем Йылмаз түсірген. Сиқыр әлеміне ерекше қызығушылық танытатын Искендерді досы Марадонадан басқа ешкім мойындай қоймайды. Әсіресе офицер әкесі оның сиқыршылыққа деген әуесқойлығына қарсы. Бірақ оқиға желісі әкесі мен баласының бірге гастрольге шығуына байланысты өзгеруі мүмкін...
 
"Қышқыл алмалар" фильмінің сценарийін Йылмаз Ердоган жазған. Мінезі өте қатал әкім Азиз Озайдың екі ерекшелігі бар, бірі әдемі бақшасы, сондай-ақ бойжеткен әдемі үш қызы. Қыздары елден оқшау, бөлек өскен. Оқиға 1970 жылдары Хаккариде өтеді. Басты рөлдерді қазақ көрермен жақыннан танитын Фарах Зейнеп Абдуллах, Шүкран Овалы, Сонгүл Өден ойнайды. Әке рөлін Йылмаз Ердоган сомдаған.
 
Қазіргі күні мәдениет пен өнер ордасына айналып үлгірген Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен қонақтары, түрік фильмдері аптасында Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы тарапынан көрсетілетін фильмдердің барлығын ақысыз тамашалай алады. 

Айта кетейік, кинотуындылардың көрсетілімі  "Керуен" ойын-сауық орталығындағы Кинопарк 7 IMAX Keruen кинотеатрында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы