Нұр-Сұлтанда Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесі басталды

24 Қыркүйек 2019, 10:04
3427
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесі басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атты форум жұмысына Еуропа мен Азиядан 65 елдің парламенттік делегациясы, 14 халықаралық парламенттік ұйымның өкілдері қатысып отыр.

Елодадағы Тәуелсіздік сарайында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесі басталды.

Шараға Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып жатыр.

Форум жұмысына Еуропа мен Азиядан 65 елдің парламенттік делегациясы, 14 халықаралық парламенттік ұйымның өкілдері қатысады. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ парламенттік ассамблеялары, Халықтың қоныстану және дамыу жөніндегі парламантарийлердің Азиялық форумы, Еуропалық парламент, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралар кеңесі (АӨСШК), Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Парламенттік Одағы, ТМД ПАА, ШЫҰ және тағы басқалар бар.

Мұндай парламенттік маңызды шара елімізде бірінші рет өтеді.

«Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атты форум тақырыбы да кездейсоқ таңдалмаған. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығымен сәйкес келіп отыр.

Қазақстанның басты ұстанымы – Еуразияны елдер арасында болатын қарама-қайшылықтарға, сондай-ақ жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп, ұжымдық шешу алаңы ретінде серіктестіктің түбегейлі жаңа моделін енгізу.

Осы кеңесте Еуропа мен Азия парламентшілері еуразиялық кеңістіктің қауіпсіз және тұрақты дамуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, XXI ғасырдың ірі интеграциялық экономикалық жобаларын жүзеге асырудың жолдарын талқылайды.

Панельдік сессиялар, форум барысында жоспарланған бірқатар екіжақты кездесулер Еуразия кеңістігіндегі парламент өкілдерінің заңнамалық тәжірибелер алмасуына, ел халықтарының әл-ауқатын жақсарту жолында ортақ мақсаттарды үйлестіруге үлес қосуға мүмкіндік береді.

Парламенттік форумның тең ұйымдастырушылары: ҚР Парламент мәжілісі, РФ Федералды жиналысы мемлекеттік думасы және Корея Республикасының Ұлттық ассамблеясы.

Айта кетейік, «21 ғасырдағы Еуразия аймағы елдерінің бірлескен игілігі үшін парламентаралық ынтымақтастық» тақырыбындағы Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 1-кеңесі 2016 жылы Мәскеуде, ал «Еуразия кеңістігіндегі ортақ өркендеу үшін парламентаралық ынтымақтастық ілгерілету» атты 2-кеңесі 2017 жылы Сеулде, «Еуразиядағы экономикалық ынтымақтастық, қоршаған орта және тұрақты даму» тақырыбындағы 3-кеңес 2018 жылы Анталияда өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы