Мысыр үкіметі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін 181 млн фунт бөлді

17 Сәуір 2019, 16:35
3379
Бөлісу:
Мысыр үкіметі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін 181 млн фунт бөлді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мысыр Араб Республикасы (МАР) Парламентінде Қазақстанның елшісі Арман Исағалиевпен өткен кездесу барысында Уақыптар министрі Мұхтар Джумаа Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін Мысыр Үкіметі 181 млн фунт (яғни, 10,5 млн АҚШ доллары) бөлгенін жариялады.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұған қоса, Уақыптар министрлігі өз қаражатынан бұл жобаны тез аяқтау мақсатында қосымша 10 млн фунт бергенін басып айтты. Бұл жаңалық Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи байланыстардың рәмізіне айналған қазақ даласының перзенті Сұлтан Бейбарыстың мұрасын жаңғырту жұмыстары көп ұзамай аяқталады деген сенім ұялатады.

"2007 жылғы 28 қазанда ҚР мен МАР үкіметтері арасында қол қойылған келісім негізінде аталған мешітті реставрациялау жобасы және оның 12,0 млн АҚШ доллары мөлшерінде бюджеті бекітілген еді. Келісімге сәйкес, аталған соманың 4,5 млн АҚШ долларын Қазақстан тарапы бөлді, ал қалған бөлігін Мысыр үкіметі қаржыландыруы тиіс еді. Жоба 2011 жылдың қазанында аяқталуы керек болған, алайда Мысырдағы сол кезге болған саяси және экономикалық дағдарыс себебімен тоқтап қалған еді", - делінген хабарламада.

2018 жылғы қазан айында, яғни 7 жылдан соң, Сұлтан Бейбарыс мешітінің реставрациялау жұмыстары қайта басталды. Жоба МАР Көне ескерткіштер министрлігі және бас мердігер «Араб контракторс» компаниясы іске асырады. Мешіттің шаңырақты бөлмелері, дәлізі, күмбезі, мұнаралары қайта көтеріліп, орталық алаң мен сыртқы қабырғалары жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаның техникалық бақылауын мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді.

Мысырдағы көлемі бойынша екінші орынды иемденген бұл мешіт қалпына келтірілгеннен кейін елдегі ең танымал тарихи және туристік орталықтарының біріне айналатынына күмән жоқ.

Өзгелердің жаңалығы