Жас музыканттардың әлемдік аренаға шығуына мүмкіндік туып отыр – Еркін Тәтішев

22 Қаңтар 2019, 13:54
1872
Бөлісу:
Жас музыканттардың әлемдік аренаға шығуына мүмкіндік туып отыр – Еркін Тәтішев

Алматы, BAQ.KZ,тілшісі. Қазақстандық сазгер және белгілі кәсіпкер Еркін Тәтішев 18-28 жас аралығындағы музыканттарды тыңдау үшін қабылдау өткізетіндігін хабарлады. 

Тыңдаудан өткен үздік музыканттар Грузияның Цинандали қаласында өтетін музыка фестиваліне жолдама алады.

Оның айтуынша, бұл фестивалға Грузия, Армения, Әзірбайжан, Украина, Қазақстан және Түркия елінен іріктелген жас музыканттар қатысады.

«Осы жылдан бастап Грузияның Цинандали қаласында жас музыканттарға арналған фестиваль өтеді. Барлығы 80-ге жуық жас музыкант 6 апта бойы сонда жаттығып, әлемге танымал дирижерлерден сабақ алып, үлкен сахнада өнер көрсетеді. Фестивальде жақсы өнер көрсетіп, көзге түскен музыканттарымыз әлемдік деңгейдегі классикалық музыканттармен байланыс орнатып, өз өнерлерін паш етіп, армандарын іске асыру жолында үлкен мүмкіндік алады деп ойлаймын»,-дейді ол.

Сонымен қатар ол, бұл шараның дәстүрлі түрде жылда өтіп тұратындығын айта келе жыл сайын кем дегенде 1-2 жас музыкантымызды әлемдік деңгейге шығарып отырсақ деген ойын білдірді. 

«Кәсіпкер ретінде айтар болсам, классикалық музыка біздің елде үлкен қолдауға ие емес. Өкінішке қарай өнердің бұл түрі ТМД аумағында көп қаржыландырыла бермейді. Дегенімен Батыс елдерінде ол тыңдарман тарапынан болсын, үкімет тарапынан болсын үлкен қолдауға ие. Егер біздің жас музыканттарымыз олардың көңіліне жол тауып, өздерін мойындатып жатса және Еуропаның әр қаласын аралап гострольдік концерттерін беріп жатса керемет болар еді», -деді Е.Тәтішев. 

Тыңдау байқауы 2019 жылдың 21 қаңтарынан бастап 8 сәуірге дейінгі аралықта Алматы, Анкара, Баку, Ереван, Киев, Львов, Тбилиси және Ыстамбұлда өтеді.

«Цинандали фестивалі жаңа әрі ауқымды музыкалық оқиғаның бастамасы болмақ. Жас орындаушылар Цинандалиде қазіргі заманғы көрнекті музыканттармен бірге тұрып, шеберліктерін арттырып, шығармашылықпен айналысады. Жалпы оркестрге қатысу мерзімі алты аптаны құрайды. Алғашқы үш аптада 16 тамыздан мен 7 қыркүйек аралығында дүниежүзіне әйгілі кәсіби оркестрлер мен жетекші музыканттардың қатысуымен сабақтар мен репетициялар өтеді. 8-22 қыркүйек аралығында Цинандали фестивальінің алаңына атақты дирижерлер: Джанандреа Нозеда, Юкко-Пекка Сарасте, Омер Меир Веллбер, Лахав Шанидің жетекшілігімен бес концерт өтеді», -дейді аталған фестивальдің директоры Давид Сакварелидзе.

Ұйымдастырушылар сонымен қатар, музыканттардың жолы, жатын орны сияқты шығындардың барлығын өз мойындарына алатындықтарын хабарлады.

«Бұл жас музыканттар үшін маңызды шара. Өзім әлемдік жетекші музыканттардың қабылдауында болу үшін Еуропаның біраз қаласын араладым, оларды ұстау оңай емес. Ал мына жерде олардың өзі бізге келіп отыр. Сондықтан жастар мұндай мүкіндікті жіберіп алмаса екен дегім келеді», -дейді ақын әрі сазгер Еркеш Шакеев.

Әділет Мұсахаев

Өзгелердің жаңалығы