Мусин спортқа қалай келді

9 Қазан 2019, 12:36
5778
Бөлісу:
Мусин спортқа қалай келді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық жарыстарда өзгелер жүзіп жүріп жүлде теріп жүргенде, Қазақстан қашан өз «алтын балықтарын» тәрбиелеп шығарады екен деп ойлайтынбыз. Соңғы жылдары біртіндеп сол олқылықтың да орны толып келеді. 

Рио Олимпиадасында Дмитрий Баландиннің топ жарғанына куә болсақ, былтырғы Азия ойындарында қарадомалақтарымыздың да алар асуы биік екендігін аңғардық. Әсіресе 50 метрге баттерфляймен жүзуде қола медальді қоржынға салған, кейіннен 4х100 метрге эстафеталық сында тағы үздік үштікке ілінген Әділбек Мусинді көпшілік жыл жаңалығына балады. Біз өз кезегімізден спортшымен тілдесіп көрген едік.

WhatsApp Image 2019-10-09 at 11.36.54.jpeg

–Азия ойындары сіздің жұлдызыңызды жақты.

– Рас айтасыз, былтырғы жыл мен үшін есте қаларлық сәттерге толы болды. Арасында уайым да, толқу да болды. Бірқатар халықаралық жарысқа қатыстық. Өткен жылдың басты жарысы Азия ойындары болғандықтан, басымдық осы сынға берілді. Бақытыма орай, жүлдегерлер қатарынан табылып, эстафеталық сында да үздік үштікке іліндік.

– Джакартадағы Азия ойындарында қола жүлдегер атандыңыз. Ал мұның алдында 2017 жылы жабық кешендегі Азия ойындарында екі қоланы қоржынға салдыңыз. Индонезияда алғашқы үштікке ілінемін деген сенім болды ма? Жалпы алдыңызға қандай мақсат қойып едіңіз?

– Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарында эстафеталық командамыздың арқасында екі қола медаль иелендім. Сол үшін де командалас әріптестеріме зор алғыс. Жекелей сында көңіл көншітерліктей өнер көрсете алған жоқпын. Себебі қысқа қашықтық мен үшін қолайсыз, тиісінше іштей қатты уайымдадым. Ал араға бір жыл салып Индонезиядағы Азия ойындарында толыса түскен тәжірибе көмектесті. Алға қойылған мақсат жалғыз еді – жеке көрсеткіштерімді мейлінше жақсартып, финалда өнер көрсету. Сол міндетті орындай алғаныма қуаныштымын.

WhatsApp Image 2019-10-09 at 11.36.56.jpeg

– Командалық эстафетада бақ сынап, командамыз жүлдегерлер қатарына ілікті. Бұл медальді Азиадада аздаған үзілістен соң иеленіп отырмыз. Психологиялық дайындық қалай болып еді?

– Жылдың басты аламанына даярлықты бастаған кезде, яғни маусымның басында-ақ эстафеталық сынға тыңғылықты дайындалдық. Сол уақытта жігіттермен бірге оқиға қалай өрбуі мүмкін деген нұсқаларды қатар қарастыра бастадық. Жарыс күні жақындаған сайын толқудың да, жауапкершіліктің де арта түскенін түсіндік. Малайзияда өткен соңғы оқу-жаттығу жиындарында техникалық кем-кетіктердің бәрін түзеп, алдағы әрекеттерімізді жақсылап пысықтап алдық.

– Біз Баландинді мықты спортшы ретінде білеміз. Ал дос ретінде ол қандай адам?

– Дмитрий Баландин – дарыны мен еңбекқорлығын ұштастыра білген спортшы. Ал құрамада жүріп жақын танысу арқылы мен Дмитрийдің нағыз дос, сенімді жолдас ретінде де таныдым. Қай кезде де сені тыңдап, ағалық ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беруден шаршаған емес. Тіпті ол унивеститетте де көмектесіп, мұғалімдерге өзі барып таныстырып, емтихандарды тапсыруға да көмектескен.

WhatsApp Image 2019-10-09 at 11.36.57 (2).jpeg

– Жастар арасындағы әлем чемпионатында алғашқы төрттікке енгенде сізді болашақ чемпион деген болжамдар пайда болды. Ал былтырғы жетістіктен соң көбісі сол болжамның растығына сене бастады. Сіздің тарапқа назар да көбейген шығар?

– Негізінен жас спортшылар мен олардың ата-аналары тарапынан назар көбейгенін аңғардым. Олар өздерін қызықтырған сауалдар қойып, бірге суретке түсу туралы ұсыныстар жасап жатады. Мұның бәрі көңіліңді көтеріп қана қоймай, жауапкершілік жүгін де арттыра түседі.

– Өзіңіз жүзуге қалай келдіңіз және осы спорт түрін не себепті өміріңіздің бір бөлігіне айналдыру туралы шешім қабылдадыңыз?

– Жүзу үйірмесіне мені 8 жасымда ата-анам алып барды. Себебі суды жақсы көретінмін, бірақ жүзуден қатты қорқатынмын. Бастапқыда құтқарушы жилеттердің пайдасы көп тиді. Бастапқы дайындықты аяқтаған соң мені қазіргі бапкерім Кудрявцев Александр Алексеевичтің қоластына бардым. Сол кісінің арқасында еліміздің ұлттық құрамасы сапына қосылдым, әлі күнге дейін көмектесіп келеді.

Нәтиже пайда бола бастағанда адамда сол істі жалғастыруға деген құштарлықтың да артары сөзсіз. Сол секілді мен де қолымнан келетінін түсінген соң кәсіби спортшы болсам деп армандадым, оның үстіне жүзуді жақсы көремін. Ата-анам да спорттық карьерамды жалғастыруға қарсы болған жоқ.

WhatsApp Image 2019-10-09 at 11.36.57 (1).jpeg

– Сіздіңше, құрамамыздың соңғы жылдардағы жетістіктері немен байланысты?

– Мұның бәрі бапкерлеріміздің еңбегі және ғылыми-кешенді топ жұмысының нәтижесі. Қазіргі уақытта шетелден келген кеңесші бапкерлер жұмыс істейді. Олар бізге даярлықтың жаңа әдістемелерін үйретеді. Дайындыққа қажетті жағдайдың бәрін жасап берген Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің қолдауы зор.

– Елімізде осы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған деп айта аламыз ба?

– Негізі мүмкіндік мол. Тек бұл жерде көп нәрсе бізге, спортшыларға да байланысты. Яғни спортшының негізгі мақсаты қандай, ол өз-өзіне қаншалықты сенімді, соның бәрі рөл ойнайды. Бұлай дейтінім, тұрақты жаттығу жасау үшін барлық мүмкіндікке ие бола отырып ешқандай нәтиже көрсете алмайтындар болады. Ал мақсаты биік адам ешбір қиындықтарға да қарамайды, ол дегенін бәрібір орындайды және өте жақсы нәтижелер көрсете алады.

– Өзіңіздің бір күніңіз жайлы айтып беріңізші. Жалпы, бос уақытыңыз бар ма?

– Жаттығу үйде өтсе, онда судағы алғашқы жаттығу 7:45-те басталып, әрі қарай залда жалғастырамыз. Екінші жаттығуға дейін бос уақытымыз болады, сол аралықта үйдің шаруаларын бітіруге тырысамын, кейде ұйықтап аламын. Екінші жаттығу 16:00-де басталады. Содан соң үйге кетеміз. Демалыс күндері достарыммен көздесіп, киноға не боулингке барамыз. Кейде достарымның бірінің үйінде жиналамыз. Ал оқу-жаттығу жиындары кезінде бәрі біркелкі: суда жаттығу, жалпы дене даярлығы, қайта суда жаттығу...

– Жүзуден бөлек тағы қандай қызығушылықтарыңыз бар?

– Бос уақыт табыла қалса, қала сыртына кетіп, балық аулағанды, тауға шыққанды ұнатамын. Әртүрлі жанрдағы әуендерді тыңдаймын. Көлік құрылғыларын зерттегенді, велосипедпен серуендегенді құп көремін.

– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!
Өзгелердің жаңалығы