Мусин Түркияның ІТ саласы мамандарымен кездесті

10 Мамыр 2022, 19:32
1859
Бөлісу:
Мусин Түркияның ІТ саласы мамандарымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин 8-10 мамыр аралығында IT-бизнес өкілдерімен бірге болашақ бірлескен жобаларды талқылау және екіжақты ынтымақтастық деңгейін арттыру үшін Түркия Республикасына барды. 

Бұл туралы министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Бүгін Түркия астанасы Анкарада Түркияның өнеркәсіп және технологиялар министрі Мұстафа Варанк, TUBITAK Президенті, Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Әділ Караисмайоглу, Түркияның Сауда палаталары мен тауар биржалары Одағының (TOBB) президенті Рифат Хисарджиклиоглумен кездестік. Екіжақты ынтымақтастықтың ықтимал нұсқаларын талқылап, меморандумға қол қойдық. Жалпы іссапардың бағдарламасы өте мазмұнды болды. Сапар барысында тек мемлекеттік органдармен кездесіп қана қоймай, сонымен қатар IT-технопарктерге бардық. Олардың ауқымы, венчурлық қорлары және Түркияның ірі IT-компаниялары таңғалдырды - деді министр Мусин.⠀ 

Атап айтқанда, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка өңіріндегі ең ірі электрондық коммерция платформасы Hepsiburada, тағамға онлайн-тапсырыс беруге арналған Түркиядағы алғашқы және ең ірі сайт Yemeksepeti, $16,5 млрд капиталдандыруы бар алғашқы түрік decacorn-компаниясы Trendyol, ШОБ үшін Şekerbank кооперативтік банкі, сондай-ақ Bilisim Vadisi IT-технопаркінің кеңселеріне барды. 

Ол ресми кездесулердің қысқаша қорытындыларын жариялады. 

Қазақстандық IT-саласының жетістіктерін ұсындық, атап айтқанда, біздің IT-стартаптарымыз түрік венчурлық қорлары мен нарық өкілдерінің алдында питч өткізді. Мұны дәстүрге айналдырып, олардың стартаптарын да Қазақстанға шақырғымыз келеді. Аса ірі түрік IT-компанияларына өздерінің IT-өнімдерін қазақстандық нарыққа шығаруды ұсындық. Қазақстандағы IT-саласын мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ Индустрия 4.0 және Smart city саласындағы қазақстандық IT-компаниялардың пилоттық жобаларын іске асыру туралы айттық. Astana Hub пен Bilisim Vadisi арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Екі елдің IT-тауарлары мен қызметтерін ілгерілету саласындағы ынтымақтастық талқыланды - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы