Мусин Сарапшылық ІТ-кеңестің алғашқы отырысына қатысты

10 Қараша 2021, 18:36
704
Бөлісу:
Мусин Сарапшылық ІТ-кеңестің алғашқы отырысына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада цифрлық трансформация және цифрландырудың платформалық үлгісіне өту мәселелері бойынша ЦДИАӨМ жанындағы ІТ-кеңестің бірінші отырысы өтті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қатысты.

Сарапшылық кеңестің басты мақсаты – платформалық үлгіге өту кезінде ІТ-қауымдастықпен бірге электрондық үкімет жүйесін жетілдірудің техникалық аспектілерін талқылауға қолайлы жағдай жасау. Бағдат Мусиннің айтуынша, барлық рәсімнің ашық және жариялы өтуі үшін ІТ-кеңестің құрамында ІТ-сала мен азаматтық қоғам өкілдерінің болуы аса маңызды.

Кеңес төрағасы Ростислав Коняшкин Электрондық үкіметтің технологиялық модернизациясы бойынша ұсыныстар мен кеңестер жасау үшін жуырда сарапшыларға барлық ақпарат берілетінін айтты.

Сондай-ақ ол сарапшылық кеңестің мүшелеріне платформалық жүйеге өтудің негізгі аспектілерін түсіндіріп, ЦДИАӨМ мен «ҰАТ» АҚ басшылығы бұл бағытта сарапшылармен жүйелі диалог орнатуды көздеп отырғанын мәлімдеді. Кездесуге келген бірқатар қатысушы да цифрлық трансформацияны егжей-тегжейлі талқылап, ашық сөйлесудің маңыздылығына тоқталды, - делінген хабарламада.

Кеңес құрамында Қазақстанның ІТ-қауымдастығы мен халықаралық технологиялық компаниялардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Kaspi өкілдері, қоғам қайраткерлері және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары бар. Электрондық үкімет және цифрландыру саласындағы эстондық маман Ааре Лапынин кеңеске сыртқы сарапшы ретінде қатысуда.

Өзгелердің жаңалығы