Мұнай бағасының көтерілуінен Ұлттық қордың түсімі 5 есеге өсті

12 Мамыр 2022, 10:59
1287
Бөлісу:
Мұнай бағасының көтерілуінен Ұлттық қордың түсімі 5 есеге өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық банктің алтынвалюта активтері жыл басынан бері валюталық интервенциялар, екінші деңгейлі банк шоттарындағы қалдықтардың және сыртқы борыш бойынша төлемдердің есебінен 851 млн долларға төмендеп, 33,5 млрд долларды жетті.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. 
 
Ұлттық қордың активтері 52,4 млрд долларды құрады. Республикалық бюджетке 1,5 трлн теңге трансферт бөлу үшін биылғы 4 айда 2,3 млрд долларға валюталық активтер сатылды. Мұнай бағасы көтерілген тұста Ұлттық қорға түсетін түсім өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 еседен көп ұлғайып, жыл басынан бері 2,1 трлн теңгені құрады. Ұлттық қордың кірістілігі құрылғаннан бастап 30 сәуірге дейін жылдық көрсеткіште 3,22% құрады. Соңғы 5 және 10 жылдағы кірістілік жылдық көрсеткіште, тиісінше, 2,38% және 1,62% болды, - деді Ұлттық банк төрағасы.

Бұған дейін Ғалымжан Пірматов сәуірде жаһандық қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың жалғасуына қарамастан, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 445,62 теңгеге дейін немесе 4,6%-ға нығайғанын айтқан болатын.

Сонымен қатар еліміздегі азық-түлік бағасының жылдық өсімі 15,4%-дан 17,9%-ға дейін артқанын хабарлады. 

Өзгелердің жаңалығы