Жамбыл облысында «Мүмкіндіктер мекені» атты оқыту лагері ашылды

28 Тамыз 2019, 17:58
3038
Бөлісу:
Жамбыл облысында «Мүмкіндіктер мекені» атты оқыту лагері ашылды
PHOTO
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы аумағындағы Жуалы ауданында орын тепкен «Тау самалы» лагерінде «Мүмкіндіктер мекені» деп аталатын жастар лагері ашылды.

DSC_7878-2.jpg

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған тау бөктеріндегі шараға өңірдегі 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі жастар мен олардың күтушілері, ата-аналары қатысты. Олар үш күн бойы қаланың у-шуынан қашықтағы таудың саф ауасымен демалып, түрлі семинар-тренингтерге қатысатын болады.

DSC_7983-2.jpg

Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығы мамандарының айтуынша, Жастар жылы аясында өтіп жатқан басқосу мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан шет қалдырмай, керісінше олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауды көздейді.

DSC_7858-2.jpg

«Бізде бұған дейін жастарды оқыту лагері әртүрлі форматта, түрлі тақырыппен өткізілген. Биылғы ерекшелік – біз мұнда мүмкіндігі шектеулі жастарды жинап отырмыз. Үш күндік оқыту лагері барысында олардың шын мәнінде шектеусіз мүмкіндік иесі екендігіне көздерін жеткізетін боламыз. Семинар-тренингтер «Нұр бала» қоғамдық қорының білікті мамандарымен және облыстың белсенді жастарымен жүргізіледі. Ең бастысы тау бөктеріндегі жанға жайлы климат мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығына оң әсерін тигізері анық», - деді облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Айбек Тәутен оқыту лагерінің ашылу салтанатында.

DSC_7832-2.jpg

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, лагерьге келушілердің барлығының денсаулық жағдайы үш күн бойы дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады.

DSC_7891-2.jpg

Айта кету керек, үш күнге созылатын оқыту лагерінің алғашқы күнінде демалушылар «Нұр бала» қоғамдық қорының психолог мамандары Әйгерім Дәулетбаева, Салтанат Сәдуақасованың семинар тренингтеріне қатысып, топтық жұмыстарға атсалысады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастарға облыс мақтанышы, Паралимпиадалық ойындарының чемпионы Зульфия Габидуллина сынды түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген модераторлар дәріс оқиды.

DSC_7955-2.jpg

Өзгелердің жаңалығы