Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта құрмағандарға айыппұл салынады
23 Қараша 2021, 17:09 104

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта құрмағандарға айыппұл салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде алаңында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Анархан Дүйсенова мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта құрмағандарға айыппұл салынатынын айтты.

Оның сөзінше, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жүргізілген бейімдеу сапасы тұрғысынан нысандарға мониторинг жүргізу бойынша қоғамдық бақылаудың өңірлік топтарының жұмысы жандандырылды.

Өңірлердегі мониторингтік топтар 4 мың нысанда бейімделу сапасына бағалау жүргізіп, 3 569 ұсыным берді, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 1 447 хат жолданып, 29 ұйғарым берілді, – деп айтты Дүйсенова.

Одан бөлек, жіберілген заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті анықтау тәртібі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс арқылы реттеледі.

Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз етпеу, сондай-ақ мәдени ойын-сауық шараларына мүгедектігі бар адамдардың қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеу түрінде жасалған мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы ҚР заңнамасын бұзу лауазымды тұлғаларға 50, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 120, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтырады, - деп түсіндірді ол.

Анархан Дүйсенованың мәліметінше, айыппұлдар сомасы бақылау субъектілерінің мәртебесіне байланысты 145,8 мыңнан 1 млн 166,8 мың теңгеге дейін түрленеді. Бір жыл ішінде әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін заңбұзушылықтар қайта анықталған жағдайда лауазымды тұлғаларға 80 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 150 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 250 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 600 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...