Нұр-Сұлтандық бүлдіршіндер «Күлтегін» мультфильмін тегін тамашалайды

5 Сәуір 2019, 11:25
1976
Бөлісу:
Нұр-Сұлтандық бүлдіршіндер «Күлтегін» мультфильмін тегін тамашалайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, мүгедек балаларға қазақ анимациялық кино өнерінің озық туындыларын ұсынуды жалғастыруда.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мерекесінің бар шарапаты кішкентай бүлдіршіндерге арналуы керек деп атап көрсеткендей, алғашқы қайырымдылық көрсетілім 22, 24 наурыз күндері өтті.

Мереке күндері «Мұзбалақ» мультфильмін қазақ және орыс тілдерінде тегін тамашалаған 5 600 жас бүлдіршіннің қуанышында шек болған жоқ. Ата-аналар да игі іс-шараның ұйымдастырушыларына өз алғыстарын жеткізді.

Наурыз мерекесінен бастау алған игі бастама әлі де жалғасын табуда.  

7 сәуір күні «QAZAQSTAN» орталық концерт залында «Күлтегін» мультфильмінің қайырымдылық көрсетілімі өтеді. Түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің ерлігі туралы баяндайтын бұл мультфильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген.

7 сәуір күні «QAZAQSTAN» ОКЗ-да кішкентай көрермендерді мультфильмнің екі сеансы күтуде. Анимация, графика жағынан шетелдік мультфильмдерден кем түспейтін туынды сағат 15.00-де қазақ тілінде, ал 17.00-де орыс тілінде көрсетілмек. Мультфильмнің көрсетіліміне кіру барлық балалар үшін тегін.

Өзгелердің жаңалығы