Мұхамедиұлы: Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет

2 Наурыз 2019, 11:29
3112
Бөлісу:
Мұхамедиұлы: Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет

Астана, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Министрдің айтуынша мерекенің өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпықазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн.

«Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныштылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек.
Ел арасында «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген пікір қалыптасты. Сондықтан мерекенің өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы», - деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ Наурыз мерекесінің негізгі мағынасы Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту екенін айтқан министр әлі де іргелі ізденістер мен тарихи, әрі заманауи шаралар керек екенін айтты.

«Жаңа жылда Аяз Атаның, Рождествода Санта-Клаустың сәбилерге сыйлық беруі, отбасы мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатқаны мәлім. Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Наурызда да балалардың есінде қалатындай мереке сыйлағанымыз жөн. Демек, Наурызды тойлау арқылы біз бар жақсылығымызды, шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек. Қазіргі заманға лайықтап, шоколадпен көмкеріп, көрнекі қаптамасын жасап, көз тартар қорапқа салып, ұлттық тағам аясында әзірленетін жент, талқан, балқаймақ, кілегей, құрт, сүзбе, уыз, ірімшік және тағы басқаларын әдемі де шақты етіп әзірлеу процесін жолға қоятын мезгіл жетті», - дейді министр.

Өзгелердің жаңалығы