Мұхтар Құл-Мұхаммед: Тәуелсіздікке төнген қауіп

11 Қаңтар 2022, 17:31
1687
Бөлісу:
Мұхтар Құл-Мұхаммед: Тәуелсіздікке төнген қауіп
Фото: wikipedia.org

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының бүгінгі мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.

Барша қазақтың ең қастерлі киесі – тәуелсіздікке қауіп төнді. Қаңтардың алғашқы күндерінен бастап халқымыз алаң күй кешуде. Қазақстанда орын алған оқиғалар бүкіл әлем жұртшылығын абыржытуда. Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз аз болған жоқ. Бірақ осы жылдар ішінде қазақ қоғамында қордаланған проблемалар да жетіп артылды. Сол қиын түйіндерді шешу үшін халық тұрмысын жақсарту мен еліміздің мол байлығын көпшіліктің игілігіне жарату, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет орнықтыру мәселелері күн тәртібіне шықты – деді ол.

Сонымен қатар, сенатор бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тереңнен толғаған мақаласында жазғанын атап өтті.

«Тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын», – деп ағынан жарылған болатын мемлекет басшысы. Қоғамда қордаланған проблемалар көп, бірақ оның бәрін бір мезетте шешу мүмкін емес. Әйтсе де Президентіміз небәрі екі жарым жылдың ішінде өте көп игілікті істер атқарды – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Көп балалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақы өсті, бір жарым миллионнан астам адамның ең төменгі жалақысы 42 мыңнан 60 мыңға көтерілді, несиеге кіріптар болған қаншама отандасымыздың қарызы өтелді. 

Бүкіл халықтың наразылығын тудырған жер мәселесі түпкілікті шешімін тапты. Ел тарихында тұңғыш рет 800-ден астам ауыл әкімдері сайланды. Абай, Алаш арыстары, қазақ хандары ұлықталып, ашаршылықтың ақиқаты ашыла бастады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, оған елдегі барлық саяси күштер тартылды. Үкімет алдына халық үніне құлақ асып, ел тілегін есту мақсаты қойылды – деді ол.

Өңірлерде, ел ішінде болып жатқан оқиғаларға, халықтың талап-тілектеріне мемлекет басшысы өзі бірінші болып үн қатып, сол сәтте-ақ тиісті лауазым иелеріне тапсырмалар беретініне қазақстандықтар талай мәрте куә болды. 

Өкінішке орай Президенттің ел тілегіне дер кезінде құлақ асатын «еститін үкімет» болу керектігі жөніндегі тапсырмаларын тез арада орындауға біздің жайбасар  үкімет дайын болмай шықты. Маңғыстау облысында бейбіт шеруге шыққан халық тілегін біліксіз үкімет мүшелері дереу орындай алмай жағдайды ушықтырып жіберді. Бұл мәселе де Президентіміздің өзі араласқан соң ғана оң шешімін тауып, газдың да, азық-түліктің де, коммуналдық төлемдердің де бағасы орын-орнына келді. Бірақ бұл кезде сыртқы күштердің арандатушылық әрекеттерінің кесірінен наразылық шерулері еліміздің өзге қалаларын шарпып кеткен еді – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Алматы мен кейбір облыс орталықтарында болған оқиғаларға қатысушыларды бейбіт шерушілер деуге болмайды. Көздеріне қан толып, алдына келгеннің бәрін ұрып-соғып, қиратып, өртеп, 18-19-ға енді ғана толған жасөспірім жауынгерлерге оқ атқан жауыздар – тәуелсіздігімізге қауіп төндірген қарақшылар. 

Мұндай қаныпезерлер арасында аға буын өкілдері өз қолымен тұрғызып, кейінгі буын оны әлемдегі ең әдемі қалалардың біріне айналдырған нағыз алматылықтар болған жоқ. Шектен шыққан жауыздықтарды аннан-мыннан қашқан надан тобыр мен сойқанды содырлар жасады. Дала демократиясында адамның басын кесуді былай қойғанда, өлім жазасына бұйыру да болмаған. Ал мына қаныпезерлер қолға түскен тәртіп сақшыларының басын кескен. Мұны зұлымдық деу аз, бұл – қанішерлік. Мұндай жауыздар бүкіл елімізді, бейбіт халқымызды күллі әлем алдында табаға қалдырды. Алматыдағы қанды оқиғаларды арнайы дайындықтан өткен, бір орталықтан басқарылған, атыс қаруының барлық түрімен қаруланған, террорлық әрекеттің айла-тәсілі мен қулық-сұмдығын әбден меңгерген баскесер содырлар ұйымдастырды – деді сенатор.

Ол Тәуелсіздігіміздің тағдыры сынға түскен қиын сәттерде Жириновский сияқты шірігендердің аузынан: «Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған. Оларға тәуелсіздікті біз сыйладық. Қазақтар ешқашан мемлекеттілігін сақтай алмайды», – деген іріген сөздер шыға бастағанын атап өтті.

Оны жабыла қостаған пиғылы жаман арамзалар да табыла кетті. Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін көре алмаушылар көп. Олар халқымызды береке-бірлігінен айырып, бәз-баяғыша бөліп алып, бөлшектегісі келеді. Өткен тарихымызда да бабаларымыз талай алданған. Көне түркілер құрған алып қағанат солай ыдыраған. Алтын орда солай құлаған. Қазақ хандығы да осылай бөлшектеніп, алып көршінің боданына айналған. Кезінде 1991 жылғы тамыз бүлігінен кейін қайсар қаламгер Нұрмахан Оразбеков: «Бұл – мемлекеттік төңкеріс», – деп ашық жазып еді. Біз де сыртқы күштердің арандатуымен, қанқұйлы содырлардың қолымен жасалған мұндай жауыздықтарды мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылыс, тәуелсіздікке төнген зор қауіп дейміз – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Осындай сын сағатта еліміздің бар билігі мен жауапкершілігін өз қолына алған Қасым-Жомарт Кемелұлы бірден-бір дұрыс шешім қабылдап, елдігімізді, тәуелсіздігімізді қорғап қалды. 

Ол қаңтардың ызғарлы күндері күн сайын дерлік ел алдына шығып, халқына жігерлі сөздерін арнады. Әрқашан туған елімен бірге екендігін танытып, өзінің нағыз халықтық Президент екендігін көрсетті. Бұл барша отандастарымыздың сенімін шыңдап, намысын қайрады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Мәжілісте сөйлеген бағдарламалық сөзінде ел экономикасының қолына байлау, аяғына тұсау болып отырған түйткілді проблемаларды нақты көрсетіп қана қоймай, жаңа Қазақстанды бірлесіп орнықтырудың жолдарын айқындап берді. Ендігі жерде барша қазақстандықтар Президентіміздің төңірегіне тығыз топтасып, оның әрбір шешіміне қолдау көрсетуіміз қажет – деді ол.

Кезінде Кавказ халқының рухани көсемі болған имам Шәміл: «Кішкентай халыққа үлкен қанжар керек», – деген екен. 

Қазақ халқына өз мемлекеті мен тәуелсіздігін сақтап қалу үшін үлкен береке, ынтымақшыл ел, бірлігі берік ұлт керек. Әзірше қатер азайғанымен, қауіп біржолата сейілген жоқ. Бәріміз бекем, сақ болуымыз қажет. Тәуелсіздікті қорғау – жалғыз Президенттің міндеті ғана емес, әрбір қазақстандықтың азаматтық абзал борышы, айрықша парызы. Ендеше осындай сын сағатта ең қасиетті киемізді қорғауға бәріміз бірге ат салысайық! – деді сенатор өз сөзінде.

Өзгелердің жаңалығы