Мүгедектігі бар балаларға білім беру жолындағы кедергілер аталды

14 Наурыз 2019, 17:37
3078
Бөлісу:
Мүгедектігі бар балаларға білім беру жолындағы кедергілер аталды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.   Қазақстанда  мүгедектігі бар балалардың көпшілігі  сапалы инклюзивті білім ала алмай отыр. Бұл туралы  Алматыда өткен брифинг кезінде Human Rights Watch ұйымының баяндамасында айтылды. 


Аталған ұйымның мәлімдеуінше,  Үкімет   мүгедектігі бар балалардың құқығын қорғау мақсатында  бірқатар маңызды қадамдар жасаған, алайда  барлық балалардың білім алуына бірдей жағдай жасау үшін әлі  көп шараларды қолға алу керек. 

Мүгедектігі бар бала  тұрғылықты жері бойынша жалпы білім беретін мектепте оқыған  жағдайдың  өзінде көптеген балалар мүгедектігі бар балалармен бірге жекелеген сыныптарда білім алады. Мыңдаған  мүгедек балалар  кей жағдайларда, тіпті үйлерінен алыста, арнайы мектептерде оқитын көрінеді. Мұндай балалардың кейбірі үйлерінде дәріс алады,оларға мұғалімдер  аптасына ең жақсы дегенде, бірнеше сағатқа қана келеді екен.  

«Мүгедек балалар да  сапалы инклюзивті білім алуға,  басқалармен  қатар  дәріс алуға  мүмкіндік беретін  жабдықтармен қамтамасыз етілуге құқылы.  Алайда, Қазақстанда мүгедектігі бар көптеген балалар  білім беру жүйесінен де, жалпы қоғамдық ортадан да тыс қалып жатады»,- дейді Human Rights Watch-тің  Орталық Азия бойынша  аға зерттеушісі Мира Ритман. 

Human Rights Watch 2017 жылдың қыркүйегі мен  2018 жылдың желтоқсаны аралығында 150-ден астам  адамға сауалнама жүргізген.

«Сұхбат берушілеріміздің арасында физикалық және интеллектуалдық ақауы бар 49 бала мен  жасөспірім, ондаған ата-аналар, мүгедек адамдардың құқығын қорғаушы активистер,құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болды. Біз сондай-ақ   мемлекеттік мекемелермен кездесулер өткізіп, корреспонденциялар  алмастық. Қазақстанның  ұлттық заңдылықтары мен халықаралық құқықтың тиісті нормаларын зерделедік»,-дейді М. Ритман.

Мамандар еліміздегі  инклюзивті  білім берудегі негізгі кедергілердің бірі ретінде психологиялық-медикалық педагогикалық кеңесті атап отыр. Оның құрамында  дәрігерлер, білім беру саласының мамандары бар екен. 

«ПМПК тексеру жүргізгеннен кейін  баланы қай мектепте  оқытуға болатыны жөнінде  қорытынды береді. ПМПК қорытындысы – кеңес қана, алайда, ата-аналар бізге айтқандай,  іс-жүзіне келгенде мектепке бұл  қорытындысыз қабылдамайды.  Кейбір ата-аналардың айтуынша,  тексерулер асығыс әрі атүсті  жасалады»,-дейді  ол. 

2015 жылы Қазақстан  сапалы инклюзивті  білім алу құқығына кепілдік беретін мүгедектер құқығы туралы Конвенцияны ратификациялаған.  Бұдан шығатын қорытынды,  мүгедек балалар  мен мүгедек емес балалар  инклюзивті ортада, жалпы білім беретін мектептердің ортақ сыныптарында  бірге оқуын қамтамасыз ету қажеттілігі туындайды. Бұл ретте мүгедек балалар  саналылық жабдықтарымен  қамтамасыз етілуі тиіс екен.

«2019 жылы  үкімет  жалпы білім беретін мектептердің 70 пайызын  инклюзивті бағдарға көшіруге міндеттенген еді.  2018 жылдың желтоқсанында біз Алматыдағы осындай мектептердің бірқатарын аралап көрдік. Байқағанымыздай  инклюзивті деп аталатын мектептердің өзінде  мүгедек балалар  физикалық қолжетімділіктің жоқтығы,бейімделген оқу материалдарының тапшылығы, ассистенттердің болмауы сияқты  кедергілерге тап болған»,-дейді Human Rights Watch өкілдері.

Мира Ритман Қазақстан Үкіметі   мүгедектігі бар балалардың  жалпы білім беретін мектептерде білім алуын қамтамасыз етуі тиіс екендігін айта келе, ПМПК жүйесін  реформалау  жақсы бастама болар еді денген ойын білдірді.

«Олар  басқа балалармен  бірге табысты білім алатындай ортада болуы керек, қамқорлықты сезінуі керек. Осы ретте ПМПК жүйесін  реформалау  жақсы бастама болар еді. Берілетін кеңестер  мүгедектігі бар балаларға  жалпы білім беретін мектептерде білім алуға  жол ашуы тиіс», - дейді ол.
Әділет МҰСАХАЕВ
Фото: Автор
Өзгелердің жаңалығы