Мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтындарға жәрдемақы төленеді

28 Қыркүйек 2021, 15:16
4476
Бөлісу:
Мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтындарға жәрдемақы төленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы төленетінін айтты.

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданған болатын.

Брифинг барысында вице-министр осы заңда қарастырылған іс-шараларды түсіндіріп берді.

Себебіне қарамастан, І топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтімді көрсететін азаматтар үшін жәрдемақы енгізілді. Қазіргі уақытта І топтағы 66 мың мүгедек адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметімен де қамтамасыз етілмеген. Олардың қатарында комадағы адамдар, мүгедектер бар. Заңды қабылдау нәтижесінде мемлекет І топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын 24 мың адамға (48 мың теңге) жәрдемақы төлейді. Бұл мүгедектігі бар адам алатын мүгедектік бойынша жәрдемақыға қосымша төленеді, - дейді ол.

Сонымен қатар баланың денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған.

Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті саралауға мүмкіндік береді. Мүгедек балалардың І және ІІ тобы үшін аурудың ауырлығына байланысты жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін артады (І топ - 65,8 мың теңге, ІІ топ – 54,5 мың теңге). Бұл іс-шара 30 мыңнан астам мүгедек балаға қатысты болады, - деп атап өтті Ерлан Әукенов.

Өзгелердің жаңалығы