Мұғалімдер мен директорларды жұмысқа қабылдайтын ортақ ереже қабылданады

27 Сәуір 2021, 13:31
16399
Бөлісу:
Мұғалімдер мен директорларды жұмысқа қабылдайтын ортақ ереже қабылданады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында вице-министр Шолпан Каринова айтты.

Педагогтарды жұмысқа қабылдау, директорларды тағайындау ротациялау бойынша процестер автоматтандырылған.

Бүгінгі күні мұғалімдерді жұмысқа қабылдау бойынша бірізді, ортақ ережелер дайындалып жатыр. Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Осыған дейін мектеп директоры немесе басқа білім мекемелерінің басшысы тек өзінің шешімімен жұмысқа қабылдайтын. Енді алдағы уақытта барлық педагогты мектепке, білім мекемелеріне қабылдау бойынша ортақ ереже қабылданады. Бүгінгі күні сол ережелерді бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның ішінде әр мұғалімді жұмысқа қабылдау бойынша нақты критерийлер, яғни оның кәсібилігін анықтайтын критерийлер мен жүйені автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - дейді вице-министр.

Сондай-ақ аппарат жиналысында Каринова мектеп директорларын тағайындауға байланысты мәселеге тоқталды.

Өздеріңізге белгілі мектеп директоры болу үшін нақты ұлттық біліктілік тестілеуінен (НКТ) өткізу қарастырылған. Ол жүйе де мұғалімдердің аттестациясын жүргізу сияқты автоматтандырылған. Осы тестілеуден өткен директорлар ғана тағайындаудың келесі қадамдарына жіберіледі. Оның шекті балы көрсетілген. Директорлардың алған балдары қолжетімді базада сақталып келеді, - деп айтты Шолпан Каринова.

Оның сөзінше, мектеп директорларын тағайындау кезінде сол мектептегі қамқоршылық кеңесінің орны ережелерде ерекше белгіленген. Қоғамдық пікір, ой ескеріліп, директорларды қабылдауда ортақ шешімге келуде осы механизмнің орны айрықша.

Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты мектеп директорларының, басқа білім мекемелерінің басшыларын ротациялау ережелері жасалып жатыр. Сонымен қатар ережеге мектеп директорларына кадрлық резервті тағайындау жұмыстары енгізілді, - деп атап өтті ол.



Өзгелердің жаңалығы