Мұғалімдер еңбек демалысына дер кезінде шығады - Аймағамбетов

4 Мамыр 2021, 14:29
24473
Бөлісу:
Мұғалімдер еңбек демалысына дер кезінде шығады - Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жазғы мектептердің жұмысы мұғалімдердің еңбек демалысына әсер етпейтінін айтты.

Оқу жылының аяқталуы туралы бұйрыққа қол қойдым. Дәстүр бойынша биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Бірақ содан кейін 19 маусымға дейін жазғы мектептердің жұмыстарын ұйымдастыруымыз қажет. Бұл қосымша қаражатты талап етпейді. Жалақы осы уақытқа қарастырылған. Осыны мұғалімдерге, бәріне түсіндіруіміз керек. Сонымен қатар мұғалімдер 56 күндік еңбек демалысына дер кезінде шығады, - деді министр.

Жазғы мектептер жұмысы еңбек демалысына кедергі болмайды.

Диагностиканың нәтижесіне сәйкес жұмысты ұйымдастыру қажет. Қиын тақырыптар бойынша академия (Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы – Baq.kz) да тиісті нұсқаулықты берді. Десе де, балалардың диагностикасын өткізіп, қай пән, қай тақырып бойынша қандай проблемалар бар деген сұрақтардың шешімі бойынша тиісті жұмысты ұйымдастыру қажет, - дейді Аймағамбетов.

БҒМ басшысы үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс істеуді тапсырды.

Біз ештеңе болмағандай, келесі оқу жылын өткіземіз деген ой болмауы керек. Келесі жылғы пәндер бойынша жүргізілетін жұмыстар биылғы жылдың нәтижелеріне, пандемияның салдарына байланысты болуы тиіс. Ештеңе болмағандай, сабақты жай ғана ары қарай жүргізуге ешкімнің қақы жоқ. Ең алдымен үлгерімі төмен балалармен жұмыс істеу керек. Бұл мәселе де назарда тұрғаны дұрыс, - деп министр тапсырма берді.

Себебі үлгерімі жақсы балалар пандемия кезінде де үлгерімдерін қатты төмендете қоймады. Ал керісінше үлгерімі төмен балалар қиындық көріп, одан сайын төмендетіп алуға тәуекелдер болды. Министр әріптестеріне түсіндіру жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

«Цифрлы репетитор» жобасын дайындауды қолға алу қажет. Тамыз айында өтетін онкүндік дайындық сабақтары жұмыстарын академия жүргізсін. Қит етсе, есеп талап ететіндер бар. Сондықтан бұл мәселелерді есепке кіргізіп жіберсек, онда біздің жұмыстың ешқандай тиімділігі болмайды. Сол себепті есептерді төмендету керек, тіпті болмаса, ешқандай есептің керегі жоқ, - деді Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы