Мұғалім мәртебесін көтеретін қоғам мұғалім этикасын көтере ала ма?
03 Қараша 2021, 13:14 1766

Мұғалім мәртебесін көтеретін қоғам мұғалім этикасын көтере ала ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір мұғалім мен мектеп психологының этикасы өзекті мәселенің бірі болып отыр. Себебі оқушылардың білімімен қатар психологиялық саулығы да маңызды рөл атқарады.

Жақында Назарбаев зияткерлік мектебінде болған оқиға қоғамдық резонанс туғызды. Себебі 8-сынып оқушысы мектептегі мұғалім мен психологтің әңгімесінен кейін суицид жасаған. Алайда баланың ата-анасы мектепке еш шағымы жоқ екенін айтты. Өйткені оқушы үйіне келген соң ата-анасынан да сөз естіп, соның салдарынан ғимараттан секіріп кеткен.

2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойған еді.

Сондай-ақ педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес («Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығы) педагог-психологтың міндеттері белгіленді.

Ұстаз этикасы – оқытушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынас. Педагогикалық этика ұжым ішінде, оқытушылар арасында басталып, өзінің заңды жалғасын топтарда табуы тиіс.

Осы орайда оқушылардың тәрбие мәселесі қалай жүргізілетінін мектеп психологы Райгүл Жеңісқызынан сұрап білдік.

Мектеп оқушыларымен тәрбие жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы жылдық жоспар құрылады. Тәрбие жұмысының негізгі бағыттары анықталады. Мысалы, рухани-танымдық, патриоттық тәрбие беру, ұлттық, отбасылық, көркем-эстетикалық, зияткерлік, дене тәрбиесі, саламатты өмір салтын қалыптастыру бағыттары бойынша жоспар негізінде жүргізіледі. Осы бағыттар бойынша баланың мектептегі өмірі мектепішілік ережелер мен тәртіптер аясында іске асырылады, – дейді ол.
Псигологтың айтуынша, тәрбие ісінің негізгі азаматтық құндылықтары болады.
Онда сенім, ақиқат, әсемдік, бостандық, қайырымдылық, жақсылық, махаббат сияқты тәрбие жұмысының ұлттық құндылықтары болады. Тәуелсіздік, патриотизм, ана тілі, этникалық мәдениет, салт-дәстүр бағыттары негізінде құндылықтар қалыптастырылады, – деді ол.

«Мектеп-оқушы-ата-ана»

Психологтың айтуынша, мектеп ынтымақтастық негізінде жұмыс істейді.

Мектеп-оқушы-ата-ана» осы үштік одақ негізінде түсінушілікпен жұмыс істеу керек. Баланың қазіргі күнгі жағдайы, оның психологиялық, әлеуметтік күйі, оқу үлгерімі талаптарын қарастыра отыра жүзеге асырады. Тәрбиенің негізгі мақсаты баланың сауатты, сапалы білім алып тәрбиелі азамат болып шығуы, – деді ол.
Райгүл Жеңісқызының айтуынша, мектеп психологтарының жұмыс бағыттары бар.
Оның ішінде диагностикалық, дамыту, алдын алу, кеңес беру бағыттары бойынша жұмыс істейді. Бұл жерде ең маңыздысы – ағартушылық жұмыстары мен алдын алу жұмыстары. Ағартушылық жұмыстарына оқушыларға психологиялық денсаулық бойынша ақпаратты дұрыс беру, көңіл күйді қалай көтеруге болады, достық қарым-қатынас, сыныптастарымен байланысты қалай орнату керек, өзін қалай ұстауы керек, жан дүниесіндегі айтылмаған жағдайлар туралы сенімге кіре отырып психолог жұмыс істеуі керек. Психологиялық денсаулық туралы көп ақпарат берілуі керек. Өз-өзіне қалай дұрыс көмектесудің тетіктерін ағартушылық тұрғыда жеткізу керек, – деді ол.

Психологтың айтуынша, ағартушылықты психологтар ата-аналармен де көп жүргізеді.

Әр түрлі кезеңдерге, балалардың жас ерекшелігіне баәйланысты әр сыныптағы бейімделу қалай өтетінін, достық қарым-қатынас қай кезде бекиді, дағдарыстық кезең қай кезде туындауы мүмкін, жасөсіпірімдердің аутодиструктивті мінез-құлқындағы ерекшеліктері, бала неге ашуланады, неге тұйықталады деген сияқты әртүрлі сұрақтарды ортаға салып, талқылап, дұрыс ақпарат беру де ағартушылыққа жатады. Сондай-ақ ата-ананың мәдениеті, құзыретін, отбасылық құндылықтарды арттыруға байланысты іс-шараларды көбірек өткізу керек. Кеңес беруде де осы бағыттар негізге алынады, – деді Жеңісқызы.

Оның айтуынша, баланың тәрбиесі мен оқу үлгеріміне, көңіл күйі мен отбасылық жағдайына байланысты дүниелерді оқушыларға ғана емес, ата-аналарға да жүйелі түсіндіріп берген абзал.

Кейбір жағдайда балалар өздерінің ата-аналарының тәрбиесіне, айтқан кеңестерін қабылдай алмай жатады. Ата-аналар да өз заманымен қазіргі заманды салыстырып жатады. Сондықтан да балаларға қазіргі заманғы тетіктерді ескере отырып ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып қана қоймай, көрсету керек, – деді ол.

Райгүл Жеңісқызы НЗМ-де болған жағдайға қатысты да пікір білдірді.

Тәрбиелік іс-шаралар өз алдына. Мектепте мерекелік іс-шаралар, тәрбиенің жоспары негізінде атқарылатын сынып сағаттары, сабақтан тыс шаралар, тәрбиелік, тақырыптық шаралар өткізіледі. Ал соның негізінде балалар өздерінің қызығушылықтары мен ізденістерінің нәтижесінде өз ынта-жігерімен қатысуы керек. Ата-аналармен байланысты көмек ретінде пайдаланып, шараға қатыстыру керек. Бұл жағдайда тәрбиелік кеңес пен ата-ананың ұрысынан кейін мұндай жағдай орын алып отыр. Кәсіби тұрғыдан балаға берілетін кеңес тыңдалғаннан кейін ата-ана жасайтын жұмыстар өз алдына жеке жасалуы керек. Ұрыс-керістің, не себепті кикілжің туғанын баланың көзінше ата-анамен талқыламау керек. Әр оқушы, ата-анамен жеке жұмыс істелуі керек, – деді ол.

Мектеп психологы бұл оқиғада отбасында не болғанын толық ешкім білмейтінін айтты.

Тәрбиенің алдында өз міндеттері бар. Психолог маман ретінде алдымен ата-ананың мұң-зарын, ұсынысын, уәжін тыңдау керек. Ата-анаға соның барлығын айтуға мүмкіндік беру керек. Оның барлығын тыңдағаннан кейін ата-ананы қалыпты жағдайға шақыра білу керек. Ата-ананың айтқаны дұрыс, орынды. Бірақ осы жағдайда нені ескеру керек. Осы орайда ата-анаға ағарту, профилактикалық жұмыстарын жүргізген абзал. Баланың жағдайы қалай, осындай жағдай орын алды екен деп түсінушілікпен, сеніммен, үйлесімділікпен жұмыс істей отыра соңында белгілі бір мәмілеге келу керек. Ата-ана өзінің іс әрекетіне есеп бере алатындай, баласының жағдайын түсіне алатындай күйге келуі керек. Ынтымақтастықта, үйлесімді, сенімді ақпарат бере отырып, ата-ананың басты құндылығы – баласының амандығы, өмірінің қауіпсіздігі екенін жеткізу керек. Сондықтан қандай жағдай болмасын, бала өмірінің қауіпсіздігіне көп көңіл бөлуіміз керек, – дейді ол.

Райгүл Жеңісқызы атағандай, әрбір айтылған сөзге, кеңеске ерекше назар аударып, оның дұрыс жетуіне көңіл бөлу керек.

Ата-ана мен оқушы арасындағы мәселені байыппен, байсалмен тыңдай отырып белгілі бір шешімге келу арқылы анық басатын қадамды ұсынуға болады. Ақыл-кеңес берілмейді бұл жерде тек бағыттап, өздері дұрыс шешім қабылдай алатын жағдайға жеткізу керек. Өмірінің мәні мен сәні баласының болашағы екенін түсінген кезде кикілжіңдер мен ашуға бой алдырмайды.Осындай жағдайға жеткізбеу үшін осылай әрекет ету керек, – дейді ол.

Психолог оқушыны түсінуге қызмет етеді

Жеңісқызының айтуынша, жалпы психолог мектепте баланың жан-дүниесін түсінуге қызмет етеді.

Тәртіп, тәрбие, оқу үлгерімінен бөлек психологтың басты мақсаты – баланың өмір қауіпсіздігі, көңіл күйі, жай-күйі, отбасындағы, сыныптағы, мектептегі қарым-қатынасының жағдайы. Мектеп психологі оқушылардың сеніміне кіре білуі керек. Психолог пен оқушының ортасында айтылған мәселе жария болмайтынына көз жеткізу керек. Егер бала сенімділікте болып, өз ойын ашық айтса, ол ешқайда талқыланбауы керек. Балаға ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін түсіндіре отырып,оны дұрыс қадам жасауға бағыттау керек, – дейді Райгүл Жеңісқызы.

Мектеп психологы атағандай, бала оның айтылған мәселесі ешқайда жария болмайтынына да сенімді болуы керек.

Яғни жанайқайыңды түсінетін адам бар. Ол – мектеп психологы. Қазіргі жай-күйіңізге көмектесе алатын, өз бойындағы жақсы қасиеттерді білуге, ашу-ызаны қалай жеңуге болады, достарымен бірге ортада сенімді болу аясында жұмыс істеуі керек. Ешкімді кінәламай отырып, өз қателігін өзі түсінетін жағдайға жеткізу керек. Бала өзінің жасаған әрекеті қате болғанын түсінген кезде келесі жолы оны қайталамауға тырысады. Өмірдегі мақсат-міндетін анықтау бойынша сенімді, үйлесімді жұмыс істеу бойынша маманмен жұмыс жасалады, – деді ол.

Ата-ана мен бала қарым қатынасы: тәжірибе мен дағды

Мектеп психологының айтуынша, ата-ана арасында қиын жағдайды еңсеру үшін тәжірибе мен дағды қажет.

Ұрыс-керістің нағыз себебін білу керек. Сенім артатын адаммен талқылап, кеңесу керек. Кейде ең жақын адаммен де ой бөлісу қиынға соғып жатады. Сол кезде мектеп психологына келіп, дұрыс бағыт-бағдар жасауға болады. Осы сенімділікті орнатқан кезде бала өзі осы деңгейге жеткен кезде кеңес алуға келеді. «Мектеп психологына бар, мектеп психологына апарамын» деп қинамау керек. Бала өзі қадам жасауы керек. Психологтан кеңес алуға өз санасына жеткен кезде «мен қиналып тұрмын, ұрыс-керіс жиіледі, кімнен көмек ала аламын» деген кезде мектеп психологына жүгінген кезде маман дұрыс жұмыс істей алуы керек, – деді ол.

Дер кезіндегі жәрдем

Райгүл Жеңісқызының айтуынша, психолог көмек сұрап келген оқушыға дер кезінде жәрдем беру керек.

Ең дұрыс әрекет мамандардан келіп бағыт алғанын түсіндіріп, қолдау керек. Үнемі шаршап жүрсе, не істеуі керек, қандай қадам жасауым керек деп сұрауы мүмкін. Психологқа балалар өз еркімен келуі үшін көптеген тренинг ұйымдастырылады. Сыныптарға барып, арнайы, белгілі бір тақырыптарда тренинг өткізу керек. «Сыныптағы қарым-қатынас», «нағыз дос», «мен 5-сыныптамын» деген тақырыптық тренингтер өткізген кезде жаттығулар мен диагностикалар, сергіту сәттерінде бала мектеп психологына жеке барсам ба деген ой туындауы мүмкін. Тренинг барысындағы әрекетін саралай отырып, оқушылар тренингтен кейін бізге келе бастайды. Осылайша, дер кезінде көмек көрсетуге болады, – дейді ол.
Мектеп психологының айтуынша, баланың жанайқайын тыңдай біліп, дер кезінде уақытылы алғашқы көмек берілсе, баланың өмір қауіпсіздігіне септігін тигізуге болады.
Ата-анасының, достарының сенімін түсіне алмай жүргенде мектеп психологына келіп, жанына кім жақын, өміріндегі маңызды адамның кім екенін біліп, ата-анасын да түсінетін жағдайлар болып жатады. Ертеңінде үйлесімді нәтижелерді көріп жатамыз, – дейді ол.

Оқушының пайымы

Біздің мектепте мектеп психологы мен тәрбие ісінің орынбасары жұмыс істейді. Мектеп психологы барлығымыздан ай сайын тест алады. Оған барлығымыз қатысамыз. Менің достарымның арасында психологқа жүгінгендер болмады. Қазір адамдар өзін-өзі түсінгісі келеді, білгісі келеді. Мектеп психологына барудың еш ұяттығы жоқ деп ойлаймын. Мен және достарым оларды мазалап жүрген сұрақтың жоқ болғанынан психологқа жүгінбейді деп ойлаймын. Әрине, мектеп психологы мектептегі оқушыларға психологиялық тұрғыда көмек көрсеткені дұрыс қой. Себебі әртүрлі жағдайлар болып жатадды, – деді елорда мектебінің 9-сынып оқушысы.

Мектептегі тәрбие ісі

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жанар Рүстемова тәрбие жұмысы оқушының адамдық бейнесін қалыптастырып, өмірге бейімдеу үшін жүргізілетін игі әрекет екенін айтады.

Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясы да барлық мектептердегідей «Құндылықтарға негізделген білім беру» үдерісін жүргізеді. Бұл дегеніміз, оқушыларға білім берумен қатар, тәрбие жұмыстары да үздіксіз іске асырылады. Оның ішінде тәрбие жұмысы негізгі бағыттарды ұстанады, – деді Жанар Рүстемова.

Олар:

-Жаңа қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, құқықтық тәрбие

-Рухани-танымдық тәрбие;

-Ұлттық тәрбие;

-Отбасылық тәрбие;

-Еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие;

- Көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие;

-Зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениетті тәрбиелеу;

-Дене тәрбиесі, салауатты өмір салтын қалыптастыру;

Бұл бағыттар нәтижесінде оқушылардың ой-өрісі кеңінен дамып, жан-жақты тұлға болып қалыптасады. Оқушылармен жеке тұлға ретінде қарым-қатынас орнайды. Жеке бас гигиеналарын ұстануды үйренеді. Ата-анамен жүйелі байланыс орнап, мектеп, ата-ана арасындағы байланыс нығаяды әрі жаңашыл көзқарастар қалыптасады. Өзін-өзі тануға, басқаруға ұмтылады, белсенділіктері артады. Тәрбие жұмысындағы негізгі жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық құндылықтар өзара байланыста болады. Аталмыш құндылықтардың бірігуі нәтижесінде «Өркендеу» жобасы аясында өткізілген шараларды атауға болады. Мәселен, 2020 жылғы 30 қаңтарда отбасы құндылықтарына, ұлттық тәрбиеге негізделген «Өркендеу» жобасының жылдық қорытынды онлайн-семинары өтті, – дейді ол.

Директор орынбасарының айтуынша, оқушылар мен жасөспірімдердің одан әрі тұлғалық және кәсіби дамуы үшін іскерліктер мен дағдыларды алуына, қабілеттері мен жеке қасиеттерін дамытуға, сондай-ақ өз өңіріндегі қоғамдық өмірге белсене қатысуына көмек көрсету мақсатында «Жас Ұлан» (5-11 сыныптар), «Жас Қыран» (1-4 сыныптар) ұйымдары жұмыс істейді.

Одан бөлек «Мирас» дебат клубы жұмыс істейді. Бұл интеллектуалды ойын. Дебаттар логикалық және сыни тұрғыдан ойлауды, коммуникативті мәдениетті және халыққа сөйлеу дағдысын дамытады, өздігінен шешім қабылдауға дайындайды, қоғамның болашақ көшбасшылары ретінде тұлғаның қалыптасуына ықпал етеді.Оқушылардың бойында рухани, патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында елімізге белгілі тұлғалардың мерейлі даталарына орай іс-шаралары ұйымдастырылып тұрады. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты «Адалдық дүкен», «Адал ұрпақ», «Буккроссинг» ұйымдары қызмет жасайды. Жалпы, тәрбие жұмысының жылдық жоспарына сәйкес, әр дүйсенбі күні 1-сабақта сынып сағаты жүргізіледі. Яғни әр аптада әр түрлі тақырыптар қамтылады, – дейді Рүстемова.
Оның айтуынша, мұғалім - мектептегі үлгі алатындай басты тұлға.
Әрбір айтқан сөзі, дауыс дикциясы, сөйлеу мәнері, өзін ұстауы, балаларға деген сүйіспеншілігі барлығы іс-әрекетінен байқалып тұруы керек. Оқушылар алдында мұғалім оқу тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, ақылшы, кеңесші болып келгендіктен әрбір іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Мұғалімнің сырт келбеті, оның кимі киісі мен сөйлеу мәдениеті, мимика, жестикуляциясы үйлесімді болуы керек. Бүгінгі балалардың қабылдаулары визуалды болғандықтан, шамадан тыс артық бұйымдар назар аударарлықтай болмауы керек, – дейді ол.
Сондай-ақ әріптестер арасында, ата-аналар мен оқушылар арасындағы іскерлік қарым-қатынас барысында әдептілік нормалары негізінде арақашықтықты сақтау - басты қағида.
Мектепте тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлар мектеп психологымен психологиялық қызметті ұйымдастырады. Басты нысан баланың жан дүниесін түсіне отырып, түсінушілікпен қарап, балаға жағымды ахуал қалыптастыру. Оқу үдерісі кезінде сынып жетекшісі немесе пән мұғалімі баланың тәртіп бұзуы немесе оқу үлгерімінің төмендеуі, сондай-ақ мінез құлқындағы өзгерістерді байқаған жағдайда тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына жүгінеді. Одан кейін мобильді топтар (педагог психолог, әлеуметтік педагог, мектеп инспекторы, сынып жетекшісі, ата-анасы) кешенді жұмыс жүргізеді. Бұдан әрі мектеп педагог-психологі қандай да бір қиыншылыққа тап болған, отбасында жағымсыз жағдайлар орын алғанда, достармен қарым-қатынасында түсінбеушіліктер, белгілі бір кикілжіңдер орын алған жағдайда психологиялық талдаулар жасап, түзету дамыту сабақтары мен алдын алу ағартушылық жұмыстары жүргізіледі, – дейді Жанар Рүстемова.

Гераклит «Этикасы дұрыс емес адамнан парасатты адам шықпайды» деген. Ұрпақтың парасатты болуы оларға тәрбие берушілердің этикасына қатысты болып отыр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...