МСҚ қызметі толық цифрландырылып жатыр

23 Мамыр 2019, 19:29
1862
Бөлісу:
МСҚ қызметі толық цифрландырылып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов Ақтөбеде өткен медицина мәселелеріне арналған халықаралық жиында Медициналық сақтандыру қорының қызметін толық цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, медицина ұйымдары мен Қордың ақпараттық жүйелерін 1С платформасы негізінде ықпалдастыру көзделген. Сол арқылы келісімшарт бекіту, медицина ұйымдарымен келісімшарттарға қосымша келісімдер енгізу, көрсетілген қызметтер актісіне қол қою және төлем шотын жіберу процедураларын толығымен автоматтандыруға мүмкіндік тумақ.

«МСҚ қызметінің ашықтығы мен жоғары деңгейлі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ адами факторды азайтып, процедураларға кететін уақытты қысқарту мақсатында «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, биылғы жылдың өзінде мемлекеттік тапсырысты орындайтын жеткізуші компанияларды іріктеу процедурасын электрондық форматқа көшіру көзделіп отыр. Ол үшін медициналық қызметтерді сатып алуға қатысқысы келетін ұйымдар Қордың жеткізушілер базасына ену үшін egov.kz порталы арқылы өтініш береді. Содан соң өзіндегі еңбек ресурсының мүмкіндіктері жайлы мәліметті Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелеріне енгізеді. Нәтижесіне, іріктеу процесі түгелдей дерлік Goszakup.gov.kz порталы арқылы жүргізіледі. Ал МСҚ медициналық көмек көлемін емханалар мен клиникалар арасында бөліске салу жұмыстарының нәтижесі бойынша медицина ұйымдарымен келісімшарт бекітетін болады», - деп атап өтті МСҚ басшысы.

Қор басшысының пікірінше, мұның бәрі МСҚ үшін де, медицина ұйымдары үшін де сатып алу процедураларын жеңілдетіп, құжат рәсімдеуге кететін уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, медицина ұйымдары құжаттарға қол қойдыру үшін Қордың филиалдарына адамның өзінің баруы қажет болмайды, қағаз-құжат айналымына жұмсалатын шығындар қысқарып, қызметкерлердің уақытын тиімді пайдалануға септігін тигізбек.

Сондай-ақ, ол кемшіліктерге жол берген медицина ұйымдарына салынатын айыппұл көлемі өскені туралы айтты.

Өзгелердің жаңалығы