Қазақстандық могулшылар командасы Әлем чемпионатынан оралды

12 Ақпан 2019, 10:48
2218
Бөлісу:
Қазақстандық могулшылар командасы Әлем чемпионатынан оралды

Астана. BAQ.KZ. Алтын медальді иеленген Юлия Галышева өз қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтында хабарланғандай, бүгін таңертең фристайл-могулдан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Алматыға ұшып келді. Юлия Галышева бастаған спортшылар АҚШ-тың Парк-Сити қаласындағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен болатын. Жанкүйерлер Қазақстан тарихында тұңғыш рет могулдан әлем чемпионы атанған Юлия Галышеваға ерекше құрмет білдіруде. 

Юлия әлемдік додада Олимпиада чемпионы Перрин Лаффонның өзін артта қалдырған болатын. Сондай-ақ, 2018 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері параллельді могулдан төртінші орын иеленді. 

Команданың бас бапкері Елена Круглыхина АҚШ-қа алтын медаль үшін барғанын айтады. 

"Біз алтын үшін бардық. Юлия бірінші орын алғанда кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Команда мүшелері тегіс қуандық. Қазақстандағы барша жанкүйер біздің қуанышымызға ортақ болғанын білемін. Көпшілігі хат жазып, телефон шалып, құттықтауын жаудыруда. Барлығы бізден медаль күтті. Әрине, тағы да жүлде болғанда ғой деген ой жоқ емес. Бірақ бұйырғаны осы. Барлығы сәтті өтті", - дейді Елена Круглыхина. 

Қазақстандық могулшылар командасы Әлем чемпионатынан оралды

Ал әлем чемпионы атанған Галышева параллельді могулда да медаль үшін барын салғанын жеткізді. 

"Екінші жарыс күнінде де жүлдеге іліксем деп ойладым. Алайда, аздап шаршағанымды сездім. Бұл жерде бапкердің де, менің де кінәм жоқ. Маусым орталап қалған соң, ағзаң да сыр бере бастайды. Олимпиада бағдарламасына енетін могулдан чемпион атансам деп армандап ем. Сол ойым орындалды. Қазіргі бақытымда шек жоқ", - дейді Юлия Галышева. 

Еске сала кетейік, әлем чемпионатында Павел Колмаков жақсы нәтиже тіркеді. Жарыстың бірінші күнінде финалдық сынға жолдама алып, 16-орыннан көрінсе, параллельді могулда ширек финалға дейін жетті. Қорытынды есепте өз мансабындағы үздік көрсеткішті тіркеп, 7-орын иеленді.

Фото: olympic.kz сайтынан

Өзгелердің жаңалығы