Мобильдік қосымша жасайтын мамандарға кәсіптік стандарттар бекітілді

21 Мамыр 2019, 22:05
3249
Бөлісу:
Мобильдік қосымша жасайтын мамандарға кәсіптік стандарттар бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда мобильдік қосымшаны жасап шығаратын мамандарға және үлкен сұранысқа ие басқа да мамандарға арналған кәсіптік стандарттар бекітілді. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Дүниежүзілік банктің техникалық және қаржылай қолдауымен жүзеге асырып отырған «Дағдыларды дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы аясында жұмыс берушілер қауымдастықтары және ұлттық сарапшылар экономиканың әртүрлі салаларына арналған 65 кәсіптік стандартты, атап айтқанда: агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика, тау-кен метталлургия және тау-кен өнеркәсіп кешені, геологиялық барлау, цифрлік технологиялар және инновациялық қызмет, мұнай-газ кешені, қызметтер саласына арналған стандарттарды сипаттау және бекіту бағыттарында жұмыс жүргізді.

Сонымен қатар, жұмыс берушілер бірлестіктері мен бизнес-құрылымдар жобадан тыс 30-дан аса кәсіптік стандартқа бастама берді.

Қазіргі күні мобильдік қосымшаларды жасаушылардың, бизнес-аналитиктердің, 3D баспа операторларының, психотерапевтердің, фермерлік шаруашылықтар менеджерлерінің, геологтардың, педагогтардың кәсіптік құзыреттіліктерінің нормасы дайындалуда.

Кәсіптік стандарттарды дайындау және ендіру, кәсіпорындарда тиімді кадрлық саясатты жүргізуге көмектесіп, білім беру бағдарламаларын дайындау және жетілдіру үшін негіз ретінде қолданылады, сондай-ақ, дайын мамандардың біліктілігін әділ түрде бағалауға мүмкіндік бермек.

"Осылайша кәсіптік стандарттар сапалы білім алуға және еңбекті әділ бағалауға бағдар бермек. Бұл өз кезегінде еңбек нарығындағы ұсыныс пен сұранысты тепе-теңдікке келтіріп, халықтың еңбекпен қамтылу деңгейін көтеріп, нәтижесінде жалпы экономика мен халықтың өмір деңгейінің өсуі түрінде мультипликаивтік әсерін тигізбек", - делінген таратылған ақпаратта.

«Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасын 2020 жылға дейін жүзеге асыру мерзімі ішінде экономиканың басымдыққа ие салаларына арнап тағы 485 кәсіптік стандартты дайындау жоспарланған.

 

Өзгелердің жаңалығы