Бас жаңалықтар
Мобильді бригадалардың қызметі ақылы болады
03 Шілде 2020, 13:39 140

Мобильді бригадалардың қызметі ақылы болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық  коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кеше өткен онлайн брифинг кезінде 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап көшпелі бригадалардың қызметі үшін арнайы тариф белгіленгенін айтқан болатын. Осыған байланысты вице-министр көшпелі мобильді бригадалардың ақылы қызмет құнының мөлшеріне тоқталды.

Министр мырза айтып өткендей, емханаларда және жедел жәрдем қызметінде мобильді бригадалар құрылады. Олар қазіргі таңда жұмысын бастап та кетті. Бригадалар қызметінің тарифі әзірленді. Құны – 5400 теңге. Коронавирус немесе жіті респираторлы вирустық инфекцияның (ЖРВИ) белгілері бар адамдар жедел жәрдем шақырса, мобильді бригадалар дәрігерлермен бірге барып, сол жерде тест алады. Шақыруға төленіп отырады. Бұл бригада бір адамға екі-үш рет келмейді. Өйткені тест бір-ақ рет алынып, коронавирус инфекциясының бар-жоғы анықталып, учаскелік дәрігерге ақпарат беріледі, - деді ол.

Ажар Гиният "Лопинавир", "Ритонавир" және "Гидроксихлорохин" препараттары тек дәрігердің нұсқаулығы арқылы ғана берілетінін айтты.

Бұл - вирусқа қарсы дәрілер. Олар тек  стационарлық деңгейде қолданылады, бұл дәрілерді дәрігердің рұқсатынсыз қолдануға болмайды. Сондықтан олар дәріханаларда сатылмайды. Тек жағдайы ауыр немесе орташа ауыр науқастарға дәрігерлердің нұсқаулығы бойынша емдік шара үшін пайдаланылады. Бұл препараттардың адам ағзасына басқа да қосалқы эффекттері бар, сол себепті, мұндай дәрілерді өздігінен қабылдауға рұқсат жоқ, - деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...