Бас жаңалықтар
Мирзиёев пен Мұхтар Тілеуберді өңіраралық ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын талқылады
16 Шілде 2021, 19:17 348

Мирзиёев пен Мұхтар Тілеуберді өңіраралық ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын талқылады

Ташкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің қабылдауында болды.

Кездесу барысында Өзбек-қазақ достық қатынастарын, тату көршілік пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.

Министр Мұхтар Тілеуберді кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында Өзбекстан Президентімен талқылаған мәселелер жайында айтып берді.

Осы конференцияға қатысу аясында Өзбекстан Республикасының Президенті Мирзиёев мырзаның қабылдауында болдым. Кездесу барысында мен мемлекет басшылығының жылы лебізін жеткіздім. Сонымен қатар біз ауыл шаруашылығындағы өнеркәсіптік кооперация шеңберіндегі екіжақты ынтымақтастығымыздың, сондай-ақ шекара маңы және өңіраралық ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын талқыладық, - деп атап өтті СІМ басшысы.

Одан бөлек, министр кездесу барысында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы шекарада орналасқан Орталық Азия халықаралық сауда-экономикалық орталығының қызметін жедел іске қосуға ерекше назар аударылғанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бүгін Өзбекстан астанасы Ташкентте «Орталық және Оңтүстік Азия: аймақтық өзара байланыс. Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты халықаралық конференциясы өтті. Кеше аталған саммит аясында ашылған Орталық Азия халықаралық институтының (IICA) ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де қатысқан болатын.


Фото: дереккөз
Загрузка...