Министрліктің Тұрсыновқа жауабы: Адами әрі кәсіби этикаға жатпайтын дүние

7 Шілде 2020, 20:00
1968
Бөлісу:
Министрліктің Тұрсыновқа жауабы: Адами әрі кәсіби этикаға жатпайтын дүние

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желіде танымал кинорежиссер Ермек Тұрсынов facebook-тегі парақшасында кинематография саласындағы мәселелерге арнап 3 бөлімнен тұратын жазба қалдырған еді. Бүгін мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев оған жауап берді. 

Ермек Тұрсынов мырза, бұрын БАҚ-қа берген сұқбаттарыңызды оқып, нағыз мәдениеттің жанашырын көргендей болатынмын. Алайда әріптесіңіз Айдархан Адильбаевтың әлеуметтік желіде сіз туралы ақпаратты жайып салған жазбасынан соң ол ойым өзгерді. Артынша "Әрі қарай кеттік ..." деп кезекті жазбаңызда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен оның басшысы А.Райымқұловаға қатысты уәжіңізді білдіріпсіз. "Кете бермес" бұрын сәл аялдап, жан-жағыңызға қарап қойғаныңыз да абзал болар, өйткені «отыз тістен шыққан сөздің» арасындағы айтпай кеткен ақиқаттар мен негізгіз айыптауларыңызға тоқтала кетейін, - деп бастады ол.
 
Жұрынбаев бөлімдерді жіктеп, жауабын жазған.
Әлеуметтік желідегі жазбаңыздың II бөліміне қатысты жауабымыз мынадай: "Сарапшылық кеңестен кеттім" деген жаңалықты сүйіншілетіп, ерлік жасағандай жарияладыңыз. Қарсылық жоқ, құқығыңыз! «Кинематография туралы» Заңның 13-бабының 6-тармағына сәйкес, Сараптама кеңесінің ережесі мен құрамын ҚР Үкіметі бекітетінінен хабардарсыз. Ендеше тиісті жұмыстан кеткеніңіз туралы әлеуметтік желіде жария салудан бұрын әуелі кеңес құрамынан шығу туралы өтінім беруіңіз керек еді. Бірақ жазбаша өтінішіңіз еш жерде тіркелмеген. Бұл өтінішіңізден кейін қалай жалаулатсаңыз да жарасады. Ал қазір Сараптама кеңесінің құрамында әлі аты-жөніңіз тұр.Көсіле келе Министрлік пен оған қарасты мекемелерде кездейсоқ адамдар жұмыс істейді деген жеке тұжырымыңызды жалпақ жұртқа жария еттіңіз. Кездейсоқ адамдардың қатарында вице- министр Н. Дәуешовтың есімі аталыпты. Қ.Болманов шттатан тыс кеңесші екенін де ескермегенсіз, - деді ол. 

Сонымен қатар, ол Н.Дәуешовқа байланысты сұрағына да тоқталған. 

Ол мәдениет саласына жауапты вице-министр. Домбырашы. Мемлекеттiк ұжымдарды басқарған тәжірибесі бар. Мәдениет саласына тек кино ғана емес музей, кітапхана, тіл комитеті, баспа саласы, археология, театр саласы да кіреді. Егер әр салаға мамандығы бойынша вице-министр тағайындалса министрлікте қаптаған орынбасардан орын қалмас еді. Мамандығын емес нақты біліктілігін сынауыңыз жөн болар еді осы жерде?! 

Қ.Болмановқа келсек, талантты музыкант әрі продюсер, ғылым кандидаты, министрлiкте концерттер ұйымдастыру бойынша штаттан тыс кеңесшi екенiн хабардар болыңыз. (Ал бірнеше жобасын әлемдік брендке айналдырған еңбегін ел біледі). 

Г.Сәрсеноваға байланысты сұрағыңызға келейін.

Г.Сәрсеноваға «Ұлттық кино орталығына» басшылық қызметті сеніп тапсырғанда, Қазақ Ұлттық университеттiң журналистика факультетiн, Бүкiлодақтық мемлекеттiк кинематографистер институтының кинорежиссерлiк факультетiн, АКШ-тың Феникс қаласындағы философия факультетiн тәмамдаған біліміне қарай және «Eurasia Film Production» кинокомпаниясын құрып, халықаралық беделге ие "Еуразия" кино фестивалін ұйымдастырудағы, халықаралық беделді сыйлықтарға ие болған бірнеше фильм мен көптеген жобалардағы жұмысын ескеріп, жауапты лауазымды қызметке қойған болатын.
Қазіргі таңда аталмыш тұлғаға қатысты құзырлы орган тарапынан тексеру жүргізілуде. Тергеу қорытындысы шыққанға дейін алдын-ала пікір айтуға ерте.

Сіз «кездейсоқ келген» деп атаған өзге тұлғалардың мәдениеттің қазанында қаншама жыл қайнап жүргенін, жеке шығармашылық тұрғысынан бір бөлек, басшылық қызметте қай қырынан көрінгендіктерін бұл жерде санамалап жатудың өзі де артық. Бар болғаны биографиясына бір көз жүгіртсеңіз де жеткілікті еді. Әлде сіздің ішкі есебіңізге жақпай қалды ма, ол жағын білмедік, - деді ол.

"Ақырында Мемлекеттік орталықтан А.Хазбулатовты жұмыстан шығарыпты" - деген сұрағыңызға келейін. 

Осы А.Хазбулатовтың кезінде біршама фильмдеріңіз бен жобаларыңызға ақша бөлінген екен (ол туралы сәл кейін). Оның үстіне қызметтен алу барысында А.Хазбулатовтың негізгі мамандығы мүсінші екені, оның кино саласынан алыстығы ескеріліпті. 

Енді Ермек мырза, өзіңізге келейін:

Бұдан кейін мәдениет саласына 1994-2019 жылдар арасында бөлінген қаражаттар бойынша есеп-қисап ұсынып, есепке жүйріктігіңізді байқаттыңыз. Шын мәнінде Ұлттық Кеңесте мәдениетке аз қаражат бөлінетіндігі туралы айтылған пікіріңізде қала бергеніңіз абзал еді, өйткені мәдениетке бөлінген қаражаттың басқа салалармен салыстырғанда көлемінің аздығына байланысты бақандай 15 жылды біріктіруіңізге тура келген. 

Осы сандарды қопарғанда қазынадан жұмсалған қаражаттың қаншасы сіздің сұранысыңызға (фильмдеріңіздің сметасы деп түсінсеңіз де болады) кеткенін көріп, біз де таңқалдық. Әріптесіңіз Айдархан Адильбаевтың сөзіне сүйенсек, 2 млрд 172 млн теңге! Иә, дәл осынша қаражат мемлекеттен Тұрсыновтың фильмдерін түсіруге бөлінген. Әр жылғы курспен есептегенде бұл 13 жарым миллион доллардан асатын ақша екен, - деді ол. 

Мәселен, аты шулы "Келін" фильміне 99 миллион 991 теңге теңге алған. (2008 жылғы курспен 833 мың доллар) – кассалық түсім: 3,5 миллион теңге ғана;
2012 жылы түсірілген «Шал» фильміне 387 млн 100 мың теңге (сол кездегі ақшамен 2 миллион 633 мың доллар), кассалық түсім: 59 миллион теңге;
2015 жылы жарыққа шыққан «Кенже» атты туындыға 505 млн теңге (сол кездегі ақшамен 3 миллион 360 мың доллар), кассалық түсім: 4 миллион теңге ғана;
Көрерменге биыл ғана жол тартқан «Шырақшы» фильміне 680 млн теңге (сол жылғы курспен 4 миллион 533 мың доллар), кассалық түсім: 10 миллион теңгеден аспаған.
Соңғы аталған туынды 2015 жылы мақұлданып, 2017 жылы жарыққа шығуы керек еді. Тұрсынов мырза, сізге фильмнің не себепті 3 жыл кешігіп шыққанын түсіндіруден гөрі негізсіз айып тағып, жұртты жамандау әлдеқайда оңай көрінеді. Ал түсірген киноларыңыздың кассалық түсімі шығынның 3 процентін де жаба алмауын жұрт талғамының жоқтығымен ақтап алуға келгенде алдыңызға жан салмайсыз, - деді ол.

Осы жерде биылғы жылдың ақпанында еліміздегі коммерциялық фильм түсіріп жүрген жас режиссерлармен кездесуде Нұрлан Қоянбаев, Нұртас Адамбайлардың да «біз сияқты касса жинаған қандай фильміңіз бар?» деген сұрағына жауап таппай қалғаныңыз еске түседі. 

Әріптесіңіз Айдархан Адильбаевтың сөзіне сүйенсек, 2018 жылы «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалін ұйымдастыруыңызға 93 млн теңге бөлінген. Ал одан кейін «Еуразия» кинофестивалін өткізуге деп бөлінген қаражаттан өзіңізге 8 518 832 (!) теңге алып, кинофестиваль шеңберінде шеберлік сабағын өткізген танымал актриса Меруерт Өтекешоваға 22 500 (!) теңге ғана берілгенде жомарт пейіл неге тарылып қалды екен? Бұл қаржылардың бәрі өзіңіз қызметтен кеткеніне қатты өкініп отырған досыңыз А.Хазбулатовтың кезінде бөлінген екен.

Соңғы жазбаларын оқи отырып Ермек Тұрсынов министрлікке тиісу арқылы уақытты созу стратегиясына көшкендей әсер қалдырды. Ол қандай уақыт?

2019 жылдын 5-шi маусым айындағы Орталықтың Сараптау кеңесiнен өткен (А.Хазбулатов басшы болған кезде) "Выбор" (Жили-были) атты өз фильміне 600 млн теңге сұрап, сметалық құжаттарды қарау барысында 500 млн теңге бөлінген екен. Бұл соманың 100 млн теңгесі былтыр қолына тиіпті. Бірақ фильмнен еш хабар жоқ. Бөлінген қаражатқа мемлекет тарапынан сұрау болатыны түсінікті. Сондықтан "қорыққан бірінші жұдырықтайдының" кері ме? 

Ермек мырза, есіңізде болса сіздің кезекті бір "жұрт жаман" мақамындағы мақалаңыз туралы белгілі жырау, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ұлы Абайдың "Ел бұзылса құрады шайтан өрмек, Періште төменшікте қайғы жемек" деген сөзін келтіре келе:

"... Ермектің сөзі, қылығы, нанымы кәдімгі Абай айтқан өрмек. Яғни, себеп емес, нәтиже! Мақала ызбарлы жазылған. Астарында бір сұмдық асқақтық, биіктен сөйлеген менсінбеушілік, өзін бекзат танытқысы келген тыраш-тәкәппарлық бар. Әмбе бүкіл қазаққа өкпелі (сонша өкпелейтіндей қазаққа несі өткенін? Алаштың қызын жәлеп, ұлын ұятсыз, ұлтты имансыз көрсеткенін бұлдайтын секілді). Мақаланың өне бойында, «сен кімсің, ал мен болсам ...» деген ызғар есіп тұр" деген пікір білдірген болатын. Бұл жазбаңыз да дәл солай, келіспеске амал жоқ. (Оқыңыз: https://abai.kz/post/2566)

Әдепке жат қылықтар суреттелген фильміңізбен бүкіл әлемге масқарамызды шығарғанда басты рөлді сомдаған актриса Гүлшарат Жұбаеваның "Ермек Тұрсынов — обалды білмейтін адам" деген пікір білдіргені де ел есінде. Сізден оңбай алданғанын да жазған болатын (Оқыңыз: https://m.alashainasy.kz/culture/103647/).

Өнерде сара жол салып кеткен Асқар Тоқпанов, Әзербайжан Мәмбетовтердің есімі аталғанда "Тоқпановтың тоқпағын көрдік, "Мәмбетовтың шекпенінен шықтық" дейтін қаншама қазақ өнерінің қара нарына айналған тұлғалар бар. Олар өздері жеткен биікке ізін басып келе жатқан өнер иелерін, тума таланттарды жетелей, жебей жүріп, таланттар шоғырын тәрбиелеп шықты. Ал осы кино саласында өзін азулы маман санайтын Тұрсынов мырза тәрбиелеген шәкірт бар ма? Есіме ешкім түспей тұрғаны.
"Ақтоты Райымқұлова мәдениет министрі болып тағайындалған кезде, мен, шыны керек, аң-таң болдым" дейді автор.

Шын мәнінде аң-таң болатындай несі бар? Ақтоты Рақметоллақызы министр қызметіне тағайындалғанға дейін вице-министр қызметін, Қазақ Ұлттық консерваториясының проректоры лауазымын абыроймен атқарғаны негізге алынғаны, Тұрсыновтың өзі сол орыннан дәмелі болмаса, басқалар үшін аңтарылатындай дүние емес екені түсінікті.Әрине, әркімнің өз пікірі өзіне, дегенмен, оның сөзін жалпақ жұрт тыңдап-оқып отырғандықтан ҚР Мәдениет және спорт министрінің білімі мен білігіне тиіскен пікірінен соң, аз-кем ақпарат бере кетейін, - деді ол. 

А.Р.Райымқұлова - КСРО жане Қазақстан композиторлар Одағының мүшесi (1990 жылдан), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2010). Шығармашылығы мен ұстаздық еңбегін айтпағанда мемлекеттік басқару саласында жоғары білімі бар. Ресей Федерациясы жанындағы халық шаруашылығы бизнес академиясының МВА дәрежесін алған. Сонымен қатар Әкімшілік іс басқару докторы ғылыми атағын алған (Doctor of Business Administration. Румыния, 2010). «Les Atelieur UPIC (Франция, 1992) және РУР театр Академиясында (Германия, 1999) қосымша білім алған. Өнертану докторы (Болгарияда қорғаған). 300-ден астам музыкалық шығарманың, 20 спектакль мен кинофильм музыкасының, 47 ғылыми еңбектің авторы. Осыдан кейін министр осы лауазымға Ермек мырза айтқандай «аң-таң қылып» келетін тосын тұлға ма, жоқ па, шешім шығаруды әркімнің өз еншісіне қалдырайын. 

Ермек мырза, өзгенің еңбегін ескермей «көптің бірі, көздің кірі» етіп көрсетуіңіз "білім жағынан да, дүниетаным тұрғысынан да, жалпы мәдени деңгей жөнінен" (тырнақшаға алыну себебі, бұл өз сөзіңіз) былай тұрсын, адами әрі кәсіби этикаға жатпайтын дүние.

Келесі "Қызметіне кіріскелі Ақтоты Рахметоллақызы не істеді?" деген Тұрсыновтың сауалына жауап бергенді жөн көрдім. 

2020 жылдың 1 қаңтарынан мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы республикалық деңгейде 50%-ға өсті. 2020 жылдың басынан кәсіптік қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа еңбекақысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлемдер берілетін болды. Чемпиондарды тәрбиелейтін бапкерлер спорт саласындағы жаттықтырушы-оқытушыларды қолдау мақсатында базалық лауазымдық еңбекақының 100% мөлшерінде қосымша ақы беріледі. Жалпы спорт саласындағы мамандар еңбекақысы екі есеге артты. Алматы облысындағы "Таңбалы", Түркістан облысында, "Отырар" мұражай-қорықтарының Сапар-орталықтарының құрылысы аяқталды. "Ұлытау" Сапар-орталығының 95% құрлысы аяқталды. "Түркістан" қалашығын қалпына келтіру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Министрлік шетелдерде заманауи қазақстандық мәдениетіміздің жетістіктерін көрсету мақсатында "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет" атты арнайы жобаны да жүзеге асыруда. Министрдің тікелей бақылауымен "Лотереялар және лотереялық қызмет туралы", "Ойын бизнесі туралы" заң жобалары, ұзын-саны 10-ға жуық заңнамалық құжат қабылданды. Фонограмманы реттеу бойынша заң жобасы Парламентке жіберілді. Әр сала бойынша қысқаша айтқанда осы. Жақында ғана Мәдениет және спорт министрі 1 жылдық атқарған жұмысы туралы халыққа есеп берген болатын, - деді ол. 
(Оқыңыз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mcs/press/news/details/aktoty-raimkulova-provela-otchetnuyu-vst...

ҚР Президенті Қ.Тоқаев "Ана тілі" басылымына берген сұқбатында "Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді" деген еді.

Мемлекет Тұрсыновтың «Кенже» атты фильміне 3 миллион 360 мың доллар бөліпті. Ал ол қырғыз киносындай халық сүйіспеншілігіне бөленді ме? Ал "Келін" атты фильмінде ата-бабамыздың діні мен ділінде болмаған дүниені көрсету арқылы ел назарын аудартқаннан басқа не тындырғаны белгісіз. Президент мақаласын оқығаннан кейін осы сыннан ой түйіп, тұшымды дүние түсірумен айналысып, мойнындағы фильмді ойдағыдай тапсырғаны абырой болар еді.

"Әрі қарай кеттік, жалғасы бар" деп жазғанына қарасақ белгілі режиссердің "жыры" жалғасатын секілді. Осы тұста ескерте кеткім келеді. Бұл Ермек Тұрсыновтың тарапынан нақты министрліктің жұмысына қарсы негізсіз айыптаулар айтылғандықтан берілген түсіндірме жауап. Бұдан әрі ішкі айтысы мен тартысы бітпейтін, дауы дайын, айтағы мен арызы пәтуасыз дүниеге Министрлік араласпайды. Салада атқарылар ауқымды жұмыстар онсыз да көп. Назарларыңызға рақмет!, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы