Бас жаңалықтар
Министрлік қызметкерлері жаңа форматта оқытылады
21 Тамыз 2019, 10:17 186

Министрлік қызметкерлері жаңа форматта оқытылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде мемлекеттік қызметшілерді Development Day форматында оқыту енгізілді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

"Development Day - мемлекеттік қызметшілерді стандартты емес форматта оқытудың жаңа тәсілі. Аталған әдіс бойынша оқытуды апта сайын өткізу туралы шешім қабылданды. Әрбір іс-шара қызметкерлердің жеке қасиеттерін дамытуға, жаңа қырларын анықтауға, сондай-ақ инновацияларды дамыту, ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық сауаттылық және т. б. салаларда олардың құзыреттілігін арттыруға бағытталады. Алғашқы кездесуге ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының ректоры Альтаир Ахметов бастаған Академия өкілдері де қатысты", - делінген таратылған ақпаратта.

Жобаның маңызды міндеті – қызметкерлерді жүйелі түрде оқыта отырып, уақытын тиімді үнемдеуге, алдына маңызды міндеттер қоюға және оларды орындау кезінде басымдықтарды айқындауға үйрету. Кәсіби коучерлер мен министрліктің сарапшылары қолданатын әдістер қызметкердің тиімділік көрсеткішінің сандық және сапалық жағынан өсуіне қол жеткізуге көмектеспек.

ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыштық өнеркәсіп министрі Асқар Жұмағалиев атап өткендей, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, олардың жаңа дағдыларды игеріп, іскерлігін шыңдау, жеке мақсаттары мен ұжымдық даму стратегияларын үйлестіру әрбір қызметкердің және министрліктің жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етпек.

"Министрлік - бұл процестері мен құрылымы нақты регламенттелген мемлекеттік орган ғана емес, бұл, бірінші кезекте, инновациялар мен digital-трендтерді енгізуге қабілетті, сондай-ақ жаңа идеялар мен жобаларды жүргізуге ұмтылатын мамандар. Және де біз жаңаша ойлауға, ерекше әрекет етуге тиіспіз. Бұл үшін біздің қызметкерлердің ақпарат ағыны мен терең білімді тұрақты түрде алып отыруы маңызды. "Development Day" форматы жақын арада айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін", - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев кездесу барысында.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы да оқытудың жаңа форматы оң нәтиже береді деген пікірде.

"ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі- қызметкерлердің білікті жаттықтырушылармен және сарапшылармен өзара іс-қимылының жаңа форматын енгізген алғашқы мемлекеттік органдардың бірі. Сонымен қатар, белгілі бір кәсіби тақырыпты егжей-тегжейлі талдап, мамандығының қыр-сырын үйрету үшін спикерлерді сырттан шықырып қана қоймай, министрліктің қызметкерлерін тартуға болады. Сондықтан мұндай оқытулар бір реттік семинарлар мен курстарға қарағанда әлдеқайда тереңірек білім беретін процесс. Бұл академия миссиясымен келісілетін ұзақ процесс, өйткені біз елдің мемлекеттік аппаратын кәсібилендіруге бағыт ұстап отырмыз. Ал мұндай іс-шаралар аталған процесті жеделдетуге мүмкіндік береді.Сондықтан, барлық мемлекеттік органдарға осы тәжірибені енгізуді ұсынамыз.", - деді сессия аясында өз пікірімен бөліскен Академия ректоры Альтаир Ахметов.

Жаңа форматтағы оқыту шарасына жұмыстан тыс уақытта барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Жобаның негізгі мақсаты – министрлік қызметкерлерінің кәсіби және жеке құзыреттілігін арттыру.


Фото: дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық