Министрлік бейбіт жиналыстар туралы заң жобасын таныстырды

12 Ақпан 2020, 18:15
1916
Бөлісу:
Министрлік бейбіт жиналыстар туралы заң жобасын таныстырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы жаңа заң жобасы туралы айтып берді. 

Біз ұсынып отырған заң жобасы мүлдем жаңа заң болмақ. Ол 1995 жылы қабылданған заңды алмастыруға бағытталған. Екі заңдағы баптың форматы да өзгеше. Мысалы 1995 жылы 12 бап болса, жаңа заңда 21 бап қарастырылған. Заң жобасы аясында бейбіт жиналыстардың негізгі заңдық қағидалары анықталады, түсініктеме аппараты қосылады, қатысушылар, ұйымдастырушылар және БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттері қарастырылады, мемлекеттік органдардың құзіреті айтылады, жиналыстарды өткізу жерлері анықталады. Осыған қоса хабарландыру тәртібі енгізіледі. Ол үшін митингке қатысушылар саны 250-ден аспау қажет. Егер бейбіт жиналысқа 250 адамнан көп келетін болса, онда ұйымдастырушылар ережеге сәйкес құжаттар толтырып, рұқсат алуы тиіс, - деді Данияр Есин.

Оның айтуынша, жаңа заң жобасы ел президентінің "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына толықтай сәйкес келеді. 

Бейбіт жиналыс, митинг дегендер қоғамдық белсенділіктің тек бір формасы ғана. Жиналыстың орны, уақыты анықталғаннан кейін оған журналистер де қатысып, барлығын көрсетеді. Яғни осыдан кейін митингке шыққандардың талабын мемлекет естіп, аңғаратын болады. Бір ескеретін жайт, бұған дейін жергілікті мәслихаттар бейбіт жиналыстарды қаланың шеткі жағында өткізуге рұқсат беретін. Ал енді жаңа заң бойынша митинг өткізу қаланың орталығында, ыңғайлы жерде болады. Ең бастысы ол жерлерде қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс. Сонымен қатар, мәслихаттар ол жерлерді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етеді. Бұл жерде ең бастысы – өзінің ой-пікірін ашық жеткізгісі келетін азаматтарды есту және көру, - деді вице-министр.

Өзгелердің жаңалығы