Министр Полторанинге «допингті» қан құйылмағанын айтты

12 Наурыз 2019, 11:48
2643
Бөлісу:
Министр Полторанинге «допингті» қан құйылмағанын айтты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында ҚР Спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді. 

«Полтораниннің допинг дауына қатысты нақты түсініктеме беремін деп уәде еткен едім. Бұған дейін Шаңғы федерациясының бас жаттықтырушысы, Полтораниннің жеке жаттықтырушысы және артынша Полтораниннің өзі де мәлімдеме жасады. Өздеріңіз көріп отырғандай, бақытымызға орай, Алексей Полторанин қан құюды қабылдамаған. Бірақ, ол Германиядағы жеке дәрігерге барып, қан тапсырғаны туралы нақты дерек бар. Қазір біз адвокаттар және заңгерлермен кеңесіп, қазақстандық спортшының жазасын допинг қабылдады деп емес, допинг қабылдауға ниет білдірді деген баппен ауыстыруын қарастырып жатырмыз. Қазір нақты білетініміз, қан құйылмаған», - деді министр. 

Мұхамедиұлы министрлік допингке әркез қарсы екенін және допинг қабылдаудың соңы жақсылыққа алып келмейтінін мәлімдеді. 

«Мен сіздерден өте мұқият болуды сұраймын. Себебі, елдегі бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі допингке қарсы жанжалдың басым бөлігі 2016 жылы болды деп жазылады. Бұл 2012, 2008 жылы орын алған оқиғалар. Олар бізге фактіні Рио-де-Жанейроға аттанардың алдында ұсынғандықтан, Илья Ильин және басқа да спортшылар допингті 2016 жылы қабылдаған деп жазады. Бұл 2012 жылы қабылдаған. Бұл өте маңызды», - деді Мұхамедиұлы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлы допинг жайлы Полторанин жақында мәлімдеме жасайтынын айтқан болатын.

Ақмарал Шағатай

Өзгелердің жаңалығы