Министр елімізде енгізіліп жатқан жаңа міндеттер туралы айтты

30 Наурыз 2020, 19:01
1736
Бөлісу:
Министр елімізде енгізіліп жатқан жаңа міндеттер туралы айтты

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев бүгін "Хабар24" телеарнасы арқылы өткен онлайн брифиг кезінде азаматтарды елімізде енгізіліп жатқан жаңа міндеттерді жауапкершілікпен орындауға шақырды.

Бүгіннен бастап еліміздің бірқатар өңірінде карантин режимі күшейтіледі. Барлығымызға күнделікті өмірге әсер ететін жаңа міндеттер жүктеліп отыр. Осы жаңа міндеттерді әрқайсымыз тиянақты орындасақ, олардың тиімділігі артады. Бұл мәжбүрлі түрде жасалып жатса да, қажетті және уақытша шаралар. Сондықтан, азаматтарды берілген міндеттерді жауапкершілікпен орындауға шақырамыз, –деді министр.

Сонымен қатар, қала тұрғындары орындауға тиісті жаңа міндеттер, оларды орындамаған жағдайда салынатын айыппұлдар жайына тоқталды.
Әкімшілік, қылмыстық санкциялар ең алдымен, адамдардың заңбұзушылықтар жасамауына әсер ететін қарапайым функцияны негізге алады. Салынатын айыппұлдар бюджет қоржынын толтыруды көздемейді. Полицейлер де барлық заң бұзушыны қамауға алуды мақсат тұтпайды. Олардың негізгі мақсаты – заң бұзушылықтардың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл жолда оларға өзіңізден үйден не үшін шыққаныңызды және қайда, қандай мақсатпен бара жатқаныңызды сабырмен түсіндіріп, олардың қызметіне қол ұшын берулеріңізді сұраймыз. Егер сіздің қолыңызда тиісті құжаттар болса, бұл да полицейлердің жұмысын жеңілдетуге сеп болады, - деді. 

Брифинг барысында БАҚ өкілдерінен келген сұрақтарға жауап берген Марат Бақытжанұлы кез келген жағдайда сабырлық таныту керегін айтты.
Карантин кезінде жұмыс істеуіне тура келген азамат қолында болуы керек тиісті құжатты дайындап үлгермеген жағдайда полиция қызметкерлеріне жағдайды сабырмен түсіндіріп, жұмыс берушінің немесе кадрлар бөлімі қызметкерінің телефон нөмірін ұсына алады. Алайда, полиция қызметкері сіздің смартфоныңызды қолына алмауы керек, тек басшыңыздың немесе кадрлар бөлімі қызметкерінің нөмірін ғана алып, қоңырау шалып тексеруге құқылы. Егер сонда да күдік қалып, протокол толтырылатын болса, мұны үлкен мәселеге айналдырудың қажеті жоқ. Айта кетейін, карантин режиміндегі заңбұзушылықтар бұл - міндетті түрде сотта қаралатын заңбұзушылық болып есептеледі. Мәселеңіз қашықтан болса да, сотта қаралады, - деді Марат Бекетаев.

Өзгелердің жаңалығы