Министр елдің жағдайын жақсартатын заң жобасын таныстырды

20 Сәуір 2021, 10:33
1190
Бөлісу:
Министр елдің жағдайын жақсартатын заң жобасын таныстырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметі отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы таныстырды.

Заң жобасында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының іс-шаралары мен Мемлекет басшысының тапсырмалары, оның ішінде жыл сайынғы жолдаулары шеңберінде айтылған стратегиялық бастамалары және пандемияға қарсы күрес жөніндегі шаралар мен бұрын қабылданған міндеттемелер ескерілген.

Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 1,3 трлн теңгеге ұлғайып, 15,3 трлн теңгені құрады. Бюджет шығыстары қосымша түсімдер (279 млрд теңге), Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту (850 млрд теңге) және бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімге3,5%-ға дейін жеткізу есебінен ұлғайтылды, - деді министр.

Оның сөзінше, сайлауалды бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету бірнеше негізгі бағыт бойынша іске асырылады.

Атап айтқанда, әлеуметтік саланы қолдау, құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге - 182 млрд теңге, Жұмыспен қамтудың жол картасы және Еңбек мемлекеттік бағдарламаларын, «Ауыл – ел бесiгi» жобасын іске асыруға - 177 млрд теңге, ауыл шаруашылығын және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласын дамытуға - 143 млрд теңге, республикалық және жергілікті жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және ұстауға - 140 млрд теңге бөлінеді, - деп түсіндірді Жамаубаев Үкіметте.

Одан бөлек, шағын және орта бизнесті қолдауға - 64 млрд теңге бөлу көзделген. 

Індетке қарсы іс-шараларға қосымша 265 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде карантиндік іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 70 млрд теңге, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерге ақы төлеуге 80 млрд теңге қарастырылған, - деп атап өтті Қаржы министрі.
Мемлекет басшысының басым тапсырмаларын қаржыландыруға 154 млрд теңге көзделген. Бюджеттің қосымша шығыстарының жалпы көлемінде өңірлерге трансферттер 539 млрд теңге.

Өзгелердің жаңалығы