Бас жаңалықтар
Министр ел руханиятын заман ағымына бейімдейтін ұлттық жоба туралы айтты
12 Қазан 2021, 12:49 8170

Министр ел руханиятын заман ағымына бейімдейтін ұлттық жоба туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева хабарлады. Оның айтуынша, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының басты мақсаты – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық кодты сақтап, бүгінгі технологиялық заманның ағымына бейімдеп болашақта өркениеттік сананың негізін бекіту.

Ведомство басшысы ұлттық жоба негізгі үш бағытта жүзеге асырылатынын алға тартты.

Бірінші бағыт бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысының идеялық бастамалары негізінде іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа леп беру арқылы ұлттық құндылықтарымызды ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту. Атап айтқанда, халық арасында ұтымды салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды, елдік тәлім-тәрбие мен рухани үстемдікті дәріптеу және қоғамдық сананың мәдениетін, деңгейі мен талғамын көтеру арқылы өркениет көшіне ілесетін бәсекеге қабілетті жаңа ұлт келбетін жасау, - деп атап өтті Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Сондай-ақ аталған бағыт жалпы қоғамда, соның ішінде, балалар мен жастар арасында мемлекеттік тілді ұлтаралық тіл дәрежесіне жеткізу де қамтылған көрінеді.

Бұл міндеттерді орындау үшін 2025 жылға дейін қаржылық жағына негізделіп, өзара біріктірілген 38 ауқымды шара мен 8 нақты көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған, - деді ведомство басшысы.

Айта кететін жайт, екінші бағыт «Ел рухы» деген атаумен үлкен міндеттен тұрады. Бұл ел ішінде мәдени қызметтердің сапасын көтеріп, халыққа қолжетімділігін арттыру және ел сыртында отандық мәдениетті дәріптеп, танымал ету. Осылайша, 2025 жылға дейін мәдени инфрақұрылымды дамыту мен шығармашылық әлеуетті барынша арттыру арқылы мәдени қызметкерлердің еліміздің шалғай аудан, ауылдарындағы қолжетімділігін 92,5%-ға дейін жеткізу. Төл мәдениет пен өнеріміздің жетістіктерін әлемдік деңгейге ілгерілету үшін отандық өнімдердің шығармашылық және технологиялық тұрғыда таратудың тиімді жүйесін қалыптастыру. Бұл мақсатта іріктелген 13 жалпы ұлттық іс-шара мен 5 нақты көрсеткішке жету жоспарланған. Оның ішінде, 250 жаңа нысан салынып, 1200 нысан күрделі жөндеуден өткізіледі.

Үшінші бағыт – «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады.

Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби өсіп, қоғамдық жетілуін көздейтін 3 ауқымды міндетті қамтиды. 2025 жылға дейін жастардың базалық сұраныстарын шешу, яғни сапалы, қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу, - деді министр.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...