Бас жаңалықтар
Министр Дәленов тараздық кәсіпкерге мемлекеттік награда табыстады
14 Желтоқсан 2019, 13:53 2824

Министр Дәленов тараздық кәсіпкерге мемлекеттік награда табыстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР Ұлттық экономика министрлігі президент Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды салтанатты марапаттау рәсімін өткізді. Мемлекеттік марапатты мемлекет басшысының атынан ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов табыстады.

WhatsApp Image 2019-12-14 at 13.27.55.jpeg

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына сіңірген еңбегі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін тараздық кәсіпкер Анар Бексұлтанова "Шапағат" медаліне ие болды.

Менің туғаннан бері екі қолым жоқ. Мен барлығын аяғыммен істеп үйрендім. Тігінді де аяқпен тігіп үйрендім. Жоғары оқу орнын бітіріп, өлкетану музейінде жұмыс істеуіме, кәсіпкерлікпен айналысуыма, қыз балаларды өсіріп, тәрбиелеуіме ештеңе кедергі келтіре алған жоқ. Бастысы, қиыншылықты жеңе білу қажет. Бұған көзім әбден жеткен. Егер ниет болса, жұмыс та табылады, - дейді Анар. 

Руслан Дәленов қайсар, батыл, іскер Анардың өмір жолы мен табандылығы тәнті ететінін айтты.

Кәсіпкердің айналысып отырған бизнесі – көпшілікке үлгі. Ол – кәсіпкер, қолөнер шебері, тігінші және бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік грант иесі. Оны өңір халқы жақсы біледі, батыл, табанды, іскер бизнес өкілі деп таниды, - деді министр.

Биыл жазда Жамбыл облысының кәсіпкері Анар Бексұлтанова шағын кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыс орнын құруға қосқан үлесі үшін Ұлттық экономика министрінің Құрмет грамотасына ие болған еді.

Айта кетейік, салтанатты жиын кезінде "Құрмет" ордені, "Ерен еңбегі үшін", "Еңбек ардагері" медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары, сондай-ақ, экономиканы дамытуға қосқан елеулі үлесі, адал және мінсіз мемлекеттік қызметі үшін ведомстволық марапаттар берілді.


Фото: дереккөз
Загрузка...