Атамқұлов жол азабын тартып келген ауыл халқының үніне құлақ асты

21 Қаңтар 2020, 12:47
1400
Бөлісу:
Атамқұлов жол азабын тартып келген ауыл халқының үніне құлақ асты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "Nur Otan" партиясының қоғамдық қабылдауында шағымдарын айтып, көмек сұрап келген азаматтарды жеке қабылдады. Не айтылды, қандай мәселе талқыланды? 


Түркістан облысының Төлеби ауданы Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Қамбатыров Мейірхан жол азабын тартып жүрген ауыл халқының атынан жол салу мәселесін көтерді. Ардагерлер кеңесінің мүшесі, Мейірхан ақсақал Алатау округінде орналасқан Жаңатұрмыс пен Нысанбек ауылдарын байланыстырып тұратын 3,9 шақырым жол құрылысын салуды сұрады. 
Мен Төлеби ауданы, Алатау округының Жаңатұрмыс ауылынан келдім. Осы ауылдың Ардаргерлер кеңесінің төрағасымын, "Нұр-Отан" партиясының мүшесімін. Жазбаған, бармаған жеріміз қалмады. Неше жыл болды жол азабын тартып келеміз. Көктем айында халық жаңбыр мен судың арасында жүреді. Жаз айында шан-тозаңға тап боламыз. Қазіргі жол Қонаев атамыздың салып берген жолы. Осыған дейін ешқандай жөндеу көрмеген. Бұрынғы әкім Түймебаевтың қабылдауында да болғанмын. Ол кісі берген уәдесін орындамады. Шөкееев мырзаға да жаздым. Енді, міне, Сіздің алдыңызға келіп отырмын, - деп өз өтінішін білдірді азамат Қамбатыров Мейірхан. 

Шағымданушының айтуынша, бұл жерде тас жолы соңғы рет 1970 жылдары Қонаевтың кезінде салынған екен. Одан кейін, тіпті, мемлекет тарапынан жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген. Өңірдің бұрынғы әкімі Ж.Түймебаев пен бүгінгі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке де хат жолдаған. Алайда, ешбір нәтиже жоқ дейді ауыл тұрғыны.
Рахмет, Сізді естідім. Ауылыңызға үлкен сәлем жолдаймын. Баяғыда сол облыста әкім болдым. Төлеби ауданының халқын танимын, білемін. Кезінде әкім болған кезде сол Төлеби ауданында, тауға баратын Сайрандағы жолдан бастап абаттандыру мен күрделі жөндеу туралы жобаны қабылдап, бюджеттен қаржы бөліп, беріп кеткенмін. Сайраннан басталған жолға ремонт жүргізілді, білесіздер. Су, кәріз жүйесі де тартылды. Алатау округындағы Диханкөлге баратын жолды айтып тұрсыз ғой, иә. Алатау өңірін біздің "екінші Швейцария" деп айтуға болады. Алла тағала, сіздерге керемет табиғат, керемет су берген, - деп бастады өз сөзін индустрия министрі Бейбіт Атамқұлов. 

Министр облыстық маңызы бар жолға бюджеттен қаржы бөлінгенін және жол салынатынын мәлімдеді. 

Сіздің ұсынысыңызбен таныстық. Қол астымда жұмыс істейтін құрылысқа жауапты комитет бар. Соның төрағасы Сайранбек Бармаковке тапсырма бергенмін. Жергілікті атқарушы органдармен байланыссын деп. Қазір өз есебін береді. Біз бұл жолды саламыз, - деді Бейбіт Атамқұлов. 
Нысанбек-Жаңатұрмыс бағытындағы жол республикалық маңызы бар жолға осы жолға смета жасалды. Ұзындығы – 3,9 шақырымды құрайды. Құны – 107 млн теңге. Биылғы жылға облыстық әкімдіктің бюджетіне енгізілді. Биыл осы жол салу жұмыстары жасалынады. Егер Түркістан облысының әкімдігі бюджетке кіре алмаған жағдай болса, біз, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан қаражаттың 50%-ын бөлуге әзірміз, - деп жауап берді тиісті комитеттің төрағасы Сайранбек Бармаков.
Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында "Халық үніне құлақ асатын үкіметті" қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелген болатын. 

"Nur Otan" партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында өткен бүгінгі кездесуде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов еліміздің түрлі өңірлерінен келген тұрғындардың мәселесін тындап, шағымдарымен танысты.




Өзгелердің жаңалығы