Микрокредит. Депутат 145 мың теңге кредит алып, қарызға белшесінен батқандар туралы айтты
24 Қараша 2021, 14:30 673

Микрокредит. Депутат 145 мың теңге кредит алып, қарызға белшесінен батқандар туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева микроқаржы ұйымдары мен онлайн компаниялар алдында пайда болған борыштары бойынша еліміздің азаматтары өтініш білдіруді жалғастырып жатқанын айтты.

Өтініш білдірген адамдардың айтуынша, 145 мың теңгеге дейінгі микрокредиттерді рәсімдеу кезінде олар уақытылы төленбеген жағдайда борыш 2 есе өседі. Бұл ретте, борышты ұзарту немесе қайта құрылымдау туралы микроқаржы ұйымына жасалатын өтініш оң шешімін таппайды. Осылайша, азаматтар 145 мың теңге көлемінде кредит алып, қарызға белшесінен батып отыр. Әрі мұндай жағдайлар бүкіл ел бойынша, әсіресе, қазіргі кезде өте көп. Негізінен, бұл халықтың әлеуметтік осал бөлігі, олар, көбінесе, тұруына, тұрғын үйге немесе емделуге кредит алуға мәжбүр. Мұндай микрокредиттер бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме 2333%-ға дейін жетеді, - дейді депутат.

Оның мәліметінше, микрокредиттік ұйымдарды негізгі құқықтық реттеу 2019 жылғы шілдеде ғана, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен енгізілген болатын. Осы заңға сәйкес уәкілетті орган онлайн компанияларға бақылау және қадағалау енгізді. Бұдан басқа, тиімді сыйақы мөлшерлемесіне 56% шегінен асырмау туралы міндетті талап енгізілген еді. Алайда, бұл шектеулер 50 АЕК (145 800 теңге) аспайтын сомаға, 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін микрокредиттерді қозғаған жоқ.

«Микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәнін белгілеу туралы» 2019 жылғы 26 қарашадағы № 209 Ұлттық Банк Басқармасының Қаулысымен 50 АЕК-ке дейінгі қарыздар бойынша мөлшерлемелер берілген микрокредит сомасының 30%-ы мөлшерінде белгіленеді. Егер осы мәндерді СЖТМ (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін) есептеу бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің калькуляторына енгізсек, онда қарыз сомасы 100 мың теңге болған және оны бір айдан кейін 130 мың теңге мөлшерінде қайтарған кезде СЖТМ мөлшерлемесі шамамен 2333,95 %-ды құрайды, - деп айтты Дания Еспаева.

Сөзінше, Ұлттық Банк тұлғасында реттеушінің өзі қарыз алушыларды өздері шыға алмайтын борышкерлік шұңқырға отырғыза отырып, осындай қарыздар бойынша тонаушылық пайыздарды есепке жазуға ықпал еткен.

Бірінші кредиттік бюроның деректері бойынша 50 АЕК-ке және 45 күнге дейінгі сомаға берілген микрокредиттер портфелі 2020 жылдың басына – 61,5 млрд теңгені, ал 2021 жылдың басына 71,9 млрд теңгені құраған, яғни, микрокредиттік және онлайн компаниялар Ұлттық Банк ұсынған ілікті пайдаланды.

Президенттің тапсырмасын іске асыруда микроқаржы ұйымдарына ел бюджетінен төмен мөлшерлемемен кредит беру үшін ресурстар бөлу көзделген. Алайда, микроқаржы ұйымдарына 2000%-дан астам СЖТМ-мен 50 АЕК-ке дейін қарыздар беру бойынша заңнамада көзделген мүмкіндік Президент Жолдауына толығымен қайшы келеді. Дәл осы ауыл тұрғындары арасында бұл қарыздар жоғары сұранысқа ие болады. Әрі осыны келесі көрсеткіштер дәлелдеп отыр: 2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша микроқаржы ұйымдарының жиынтық кредиттік портфелі 27,8%-ға ұлғайып, 1317,6 млрд теңгені құрады, - деп түсіндірді депутат.

«Ақжолдықтар» халық үшін 2000%-дан асатын СЖТМ мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесін қолдануға болмайды деп есептейді. Бүгінгі таңда Ұлттық Банк белгілеген микроқарыздар бойынша шекті мән қоғамда әлеуметтік шиеленістің өсуіне және наразылық көңіл-күйге алып келеді.

Борыштық жүктеменің бақылаусыз өсуіне жол бермеу мақсатында микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін реттеуді қайта қарау және қарыздың сомасы мен оны пайдалану мерзіміне қарамастан, жалпы реттеуді, атап айтқанда, 56% болатын СЖТМ-ді енгізу қажет. Сомалары мен мерзімдеріне шектеусіз микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін жылдық 56%-дан аспайтын мөлшерде белгілеуді сұрайды, - деп айтты Еспаева.

«Ақ жол» фракциясы депутаттары сауалды Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшыларына жолдады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...