Қарағандыда заң бұзған 16 шетелдік еліне қайтарылды

25 Қаңтар 2019, 09:29
4308
Бөлісу:
Қарағандыда заң бұзған 16 шетелдік еліне қайтарылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының полиция қызметкерлері жүргізген арнайы іс-шаралар барысында Қазақстан Республикасының миграциялық заңына бағынбаған шетелдіктер анықталып, олар өз елдеріне жер аударылды.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қарағандының Осакаров ауданынан миграциялық заңды бұзған 31 жастағы Өзбекстан азаматын анықтап, сот оны кінәлі деп тауып, өзбекстандықты еліміздің аумағынан шығару жайлы шешім қабылдаған болатын. Алайда, Өзбекстан азаматы соттың шешімін ескерусіз қалдырған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 393-бабына сай сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіліміне тіркелген. Осындай жайт Жезқазған қаласында да орын алған. Онда Әзербайжан Республикасының 61 жастағы азаматы заңды бұзған.

«Қарағанды облысы Полиция департаментінің Көші-қон полиция қызметі басқармасы «Мигрант» шарасын өткізу барысында ҚР заңнамасын бұзған 351 шетелдікті әкімшілік жауапқа тартты. Сондай-ақ, шетел азаматын уақтылы тіркеуге алмаған Қазақстан Республикасының 36 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еліміздің 8 азаматы жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің рұқсатынсыз мигранттардың еңбек күшін пайдаланған, сонымен қатар оларда еңбек етуге рұқсаты жоқ шетелдіктер жұмыс істеген», - дейді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Ведомоство мәліметінше, 16 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды және құжаттары жоқ 30 шетел азаматы қабылдау және тарату бөліміне орналастырылды.

Жібек Мұқашева

Өзгелердің жаңалығы