Өз қолыңмен өсірген өнімнен пайда табу үлкен қуаныш – кәсіпкер

6 Ақпан 2020, 03:08
2468
Бөлісу:
Өз қолыңмен өсірген өнімнен пайда табу үлкен қуаныш – кәсіпкер
Фото: автордан

Атырау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мейрамбек Қазиев 10 жыл бұрын газ баллоны жарылған кезде бір аяғынан айырылған. Үш баланың əкесі өткен жылы "Бизнес бастау" жобасы аясында оқып, 500 000 теңгенің қайтарымсыз грантына ие болған.

Кәсіпкер жарты жыл бұрын көпшіліктен жылыжай ашуға көмек сұраған. Осыдан кейін біраз адам қолұшын беріп, қазір жоспары жүзеге асыпты. Жылыжайдың құрылысы біткен бойда ол 500 келі жуа еккен. Қос балдаққа сүйенсе де талпынып, тер төгіп жүрген азамат еңбегінің жемісін көріп, біраз өнім алып та үлгерген.

Бұл менің алғашқы қадамдарым. Қазірдің өзінде 125 келі көк жуаны теріп алдым. Енді осы жуаның бір тоннасын ексем деймін. Сəуір айында салат жапырақтарын егемін. Одан бөлек 100 шаршы метр жерге қияр, қызанақ, аскөк те егу жоспарымда бар. Жалпы көкөністерді көбейту ойымда бар, - дейді кəсіпкер Мейрамбек Қазиев.
Осылайша Мейрамбек алдағы уақытта жылыжайда өсірілетін көкөністердің түрін көбейтуді жоспарлап отыр. Мүмкіндігі шектеулі жан өнімдерін делдалдар арқылы базарға сатуға да шығарған екен. Жергілікті өнімдерге сұраныс бар екенін айтады. Мақсатына жетіп, еңбегінің нəтижесін көрген оның қуанышында шек жоқ.

Алға қойған мақсатыма жəймен келе жатырмын. Өз қолыңмен өсірген өнімнен пайда табу қандай қуаныш. Осы еңбегімнен нəтиже көру үшін біраз тер төктім. Əлі де жұмыстанамын. Мұның барлығы көпшіліктің көмегінің нəтижесі. Осы уақытқа дейін маған қолдау білдірген барша жанға алғыс білдіргім келеді, - дейді кәсіпкер.



Өзгелердің жаңалығы