Бас жаңалықтар
Мешіттерде жамағатпен тарауық намазы оқылмайтын болды
12 Сәуiр 2021, 11:40 286

Мешіттерде жамағатпен тарауық намазы оқылмайтын болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай айтты.

Оның айтуынша, 2021 жылдың қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Орталық Азия мүфтилерімен кеңесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйене отырып осындай шешім қабылданған.

Алғашқы тарауих намазы 12 сәуір күні оқылады. Биыл да қаламыздағы эпидахуалдың күшеюіне байланысты мешіттерде уақытша жамағатпен тарауық намазы оқылмайды. Қадір түні 8 мамырдан 9 мамырға қараған түнге сәйкес келіп тұр,-деді ол.

Сондай-ақ, ол Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстары онлайн режимде жүргізетінін, қаламыздағы танымал қарилар онлайн Құран хатым оқитынын жеткіщді. Оны әлеуметтік желідегі Азан.кз парақшасы арқылы күнделікті сағат 14.00-де онлайн тыңдауға болады.

Қасиетті айда қайырымдылық жасап, сауап алуды ниет еткен жандар «Берекелі Рамазан тосынсыйы», «Ауыз ашар қоржыны» атты акциялары аясында ауызашар қораптарын еріктілер немесе мешіт қызметкерлері арқылы көмекке мұқтаж азаматтардың үйлеріне жеткізіледі. «Рамазан керуені» атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады. Оған қоса, «Намаз оқып үйренейік», «Құран оқып үйренейік», «Қош келдің, Рамазан», «30 күнге 30 уағыз», «Бас имам мінбері» айдарымен қала мешіттерінің әлеуметтік парақшаларында онлайн дәрістер мен мешіт жамағаты арасында «Раббым, білімімді арттыр» сынды интелектуалды білім сайыстары өтеді,-деді бас имам.

Сонымен қатар ол шариғат және пәтуа бөлімі биылғы пітір садақа көлемін 420 теңге етіп бекіткенін айтты. Бұл еліміздегі 2 кг ұнның орташа бағасына сай келеді екен. Ал, пітір садақасын мейізбен берем дегендер үшін 3580 ттеңге, құрмамен есептесе 7 300 теңге.

Ораза ұстауға денсаулығы жарамайтын және үлкен жастағы қарт кісілерге оразасы үшін фидия құны 2500 теңге деп бекітілді. Пітір садақасын мешіттерге келіп берумен қатар, Каспий.кз қосымшасы арқылы да беруге болады. Қала мешіттерінде Каспий QR қойылды. Рамазан айында зекетті қабылдау мақсатында, республика бойынша барлық мешіттерде «Зекет қабылдау бұрышы» орнатылып, зекет қаражаты тіркеліп, «Қолдан қолға» акциясы арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға таратылады,-деді Еркінбек Шоқай.

Қаладағы әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «30 күнге 30 Құран хатым» жобасы және «Рамазан – отбасы айы» айдарымен отбасылық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, Рамазанда Алматы қаласы мешіттерінің білікті имамдарының рухани уағыз-сұхбаттарын күнделікті ауызашар уақытында Алматы арнасынан көре аласыздар.

Рамазан айында 8 (727) 329 0966, 8 700 719 7622 байланыс телефондары арқылы Алматы Орталық мешітінің Пәтуа Call-орталығы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...