Мемлекеттік қызметке әңгімелесуді онлайн режимде өтуге болады

27 Мамыр 2020, 19:22
1545
Бөлісу:
Мемлекеттік қызметке әңгімелесуді онлайн режимде өтуге болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ақмола облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасуға конкурс өткізу Ережесіне енгізілген өзгерістер жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, түзетулерге сәйкес, әңгімелесу қашықтықтан бейнебайланыс құралдарын қолдану арқылы жүргізілуі мүмкін. Кандидаттың келісімі болған жағдайда онымен әңгімелесуді интернет-ресурстарда және әлеуметтік желілерде көрсетуге жол беріледі. Барлық өзгертулер кадрларды іріктеу процесін жетілдіруге бағытталған.

Мысалы, бос лауазымға орналасуға жалпы конкурсқа қатысу үшін азаматтар ұсынатын құжаттардың тізбесі қысқартылды. Конкурсқа қатысу туралы өтінішке бар болғаны екі құжат қосылады: дипломның көшірмесі және қызмет тізімі. Құжаттарды қолма-қол, сондай-ақ электрондық почта немесе "E-gov" порталы арқылы электронды түрде беруге болады. Үміткерде заңнаманы білуге тестілеуден өткені туралы сертификаттың және жеке қасиеттерін бағалаудан өткені туралы қорытындының болуын персоналды басқару қызметі "Е-қызмет" ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Өзге қажетті құжаттарды конкурс комиссиясының оң қорытындысын алған үміткер ғана тапсырады - деді Беспалинов.

Өзгерістерге сәйкес, конкурстық комиссияның шешімі бойынша бос лауазымға ең көп балл жинаған кандидат ие бола алады. Бұған дейін осы шешім конкурстық комиссия мүшелерінің дауыс беруі арқылы қабылданған болатын. Өзгертулермен кандидаттарға қойылатын сұрақтардың шекті саны анықталды. Конкурстық комиссия сұрақтар мен эсседен басқа, іріктеудің өзге құралдарын пайдалана алады. Мысалы, тәжірибелік және жағдаяттық мәселелерді шешу. Бұл ретте, оларды қолдану туралы ақпарат хабарландыруда көрсетіледі.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте кадрларды іріктеу мен ілгерілетудің қолданыстағы жүйесі меритократия қағидаты бойынша іске асырылып, қызметкерлердің кәсіби және іскери қабілеттерін ескерумен олардың әділ мансаптық өсуін және уәждемесін қамтамасыз етуде. Үздік кәсіби білімдері мен дағдыларына ие қызметкерлерді анықтауға және қолдауға бағытталған имидждік жұмысқа ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта "Үздік ауыл әкімі", "Үздік мемлекеттік қызметші" республикалық байқаулары жарияланды, - деді спикер.

Осымен, бүгінгі таңда азаматтардың мемлекеттік лауазымдарды иелену бойынша конкурстарға қатысуы үшін әлдеқайда қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілген. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Респкубликасының әрбір азаматы үшін ашық әрі қолжетімді.

Өзгелердің жаңалығы