Төлеутай Рахымбековтың мемлекеттік тілден емтихан нәтижесі жарияланды

27 Сәуір 2019, 14:22
2685
Бөлісу:
Төлеутай Рахымбековтың мемлекеттік тілден емтихан нәтижесі жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия кандидат Төлеутай Рахымбековтың емтихан нәтижесін жариялады. 

26 сәуірде Төлеутай Рахымбеков «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ОСК-ға құжаттарын ұсынған.
 
«Лингвистикалық комиссияның кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Төлеутай Рахымбеков сынақ тапсырды. Әдеттегідей үш тапсырманы орындады. Жазбаша жұмысында оған «Біздің күшіміз – бірлікте» тақырыбы түсті. Оған үміткер бір сағаттай дайындалып, мемлекеттік тілді жоғары меңгергендігін көрсетті. Екінші тапсырмада Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» таңдап, комиссия мүшелерін қуантты. Өйткені бұл ең басты, әрі ең қиын тапсырмалардың бірі еді. Үшінші кезеңде «Елорда – тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында сөз сөйледі», - деді комиссия мүшесі Ерден Қажыбек. 

Оның айтуынша, үш тапсырма нәтижесі бойынша үміткер мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергендігін көрсетті.

«Бірінші тапсырмада емледен техникалық қателері болды, бірақ оны аса маңызды деп санамаймыз. Стилі, сөз саптауы, сауаттылығы жағынан Төлеутай Сатайұлы Рахымбеков бірауыздан мемлекеттік тілді толық меңгерген деген баға алды», - деді Қажыбек.

Айта кетейік, 25 сәуірде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XV кезектен тыс съезі өтіп, партия төрағасы Әли Бектаев 9 маусымда өтетін Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына бұрынғы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Раxымбеков түсетінін айтты.
Өзгелердің жаңалығы