Қордайда мемлекеттік тілді үйрету аясы кеңейтілуде

29 Мамыр 2020, 18:14
1290
Бөлісу:
Қордайда мемлекеттік тілді үйрету аясы кеңейтілуде
Фото: ашық дереккөз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылдан бастап Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасы бойынша Қордайда мемлекеттік тілді үйрету курстары көбейтілді. ЖОО мамандарын тарта отырып, жыл соңына дейін қазақ тілінің сапасын арттыру үшін 1500 адам оқытылады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев брифинг барысында айтты.

Сонымен қатар, ол қазақ сыныптарының қатары көбейетінін айтты. 

Дүнген отбасылары баласын қазақ сыныптарына бергісі келетінін байқап отырмыз. Сондықтан қосымша қазақ сыныптары құрылып жатыр. 1 қыркүйектен бастап 1500 бала қазақ сыныбына барады. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр, - деді ол.

Сөз арасында ол Қордайдағы жағдай кезінде 8 мыңдай дүңген этносы Қырғызстанға өткенін, бірақ келесі аптада олардың бәрі кері қайтқанын айтты. Біздің азаматтардың ешқайсысы Қырғызстанда қалмаған.

Сондай-ақ, ол Қордайдағы жағдай қайталанбас үшін көптеген шаралар атқарылып жатқанын жеткізді.

Облыстағы алты ауданда қоғамдық келісім кеңестерін құрдық. Ол жерге әр ұлттың өкілдеріне белсенді азаматтарын қостық. Осы кеңес айына жүйелі түрде жұмыс істеп, аудан мен ауылда қандай әлеуметтік мәселе барын талқылай отырып, жергілікті билік орындарына жеткізеді. Оның нәтижесі де жаман емес. Осы 1-2 айда аудандарда 6-7 отырыс өтті. Онда айтылғандарды орындауды біз бақылауда ұстап отырмыз, - дейді Ержан Жылқыбаев. 

Әкім орыбасары президенттің тапсырмасына сәйкес облыста Келісім және бейбітшілік жобасы қолға алынғанын айтты. Оны наурыз айында Қордай ауданынан бастаған. 

Оның аясында 400-ден астам іс-шара өткізіліп, 5 жұмыс тобы 14 мыңға дейінгі азаматты қамтыды. Ол жердегі негізгі мақсат – әр ауданда қандай мәселе барын, оның ішінде дін, тіл және басқа да көптеген жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселені тереңнен зерттеу. Сонымен қатар, ұлт өкілдері өз дәстүрлерін сақтай отырып бір-бірімен араласуы үшін бірқатар шараларды қолға алып жатырмыз. Яғни аудан күндері, көше күндері, әр ұлт өз өнерін көрсететін және спорт іс-шаралары қолға алынып отыр. Бұның бәрі әр ұлт өкілінің бір-бірімен жақын араласуы үшін жасалып жатыр, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы